20.08.2022
  77


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

АЙТЫКЕННІҢ АҢЫЗЫ

Мынау өзі өңі ме, әлде, түс түге,
Аман сонда қара терге түсті де:
– Уа, Ассалаумағалейкум, аға! – деп
Кіріп келді «Ермековтің» үстіне!
Ректор болу неткен қиын іс еді,
Қаһарынан қар жауғандай түс-өңі:
– Уаға–лейкум–ассалам! – деп Айтыкен
Одан сайын кекірейе түседі.
Тылсым сырды түйіп жатқан іші көп,
Аман отыр терлеп-тепшіп кіші боп.
– Уа, отыр, қайдан жүрген баласың!
Дейді Айтыкен танымайтын кісі боп!
Осы емес пе құдайындай сенгені,
Шерлі Аманың одан сайын терледі.
– Қызыларайдан... Мәймаң деген кісінің
Баласы едім... Келдім сәлем бергелі...
Бір-ақ сәтте ректор болған сабазың,
Ыңыранып сипап отыр жағасын.
– Ә, білем ғой Қызыларайдың қуларын,
Өскеннен соң іздейді ғой ағасын!
Бір нүктеге екі көзі тесіле,
Мына кісі толғанады несіне?
Ойланады Мәймаң деген кісінің
Кім екенін түсіре алмай есіне!
Айтыкен де, Аманың да қысылып,
Бірін-бірі енді ғана түсініп,
– Ер қашайтын соқыр Мәймаң, емес пе?! –
Деген кезде есіне әзер түсіріп!
О, сұмдық-ай! О, сайтанның соққаны!
Аманың да алабұртып тоқтады.
Оқу қалып... оқ тигендей жүрекке
Айтыкенді әкесінен боқтады!
Ғұмыры – жыр, көңілінің хошы – бай,
Біздің елде әңгіме көп, досым-ай,
Құшақтасып кетіп еді екеуі,
«Пышақтасып» қайтып келді – осылай!
Кеше еді ғой, о да бүгін көне ме,
Өткен күннің елесі өстіп сөне ме;
Аман болса шофер боп жүр ауылда
Ал Айтыкен... ұйықтап жатыр төбеде...
Жылда келіп қаңтары мен тамызы,
Өшті өткен мен кеткенімнің сан ізі.
...Жүргіншіні Ақжарықтың бойында,
Күлдіреді Айтыкеннің аңызы.





Пікір жазу