20.08.2022
  78


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

САЙТАН МЕН ПЕРІШТЕ

Керең тағдырмен керісте
Демеймін: «Үріп, шайқадым...»
Бір иығымда – Періште,
Бір иығымда – Сайтаным –
Жан кештім күндіз, түн демей,
Үзбек боп талан – көгенді.
Періштем қалса үндемей,
Сайтаным сайрап жөнелді...
Таңғалдым.
Естен танғанмын,
Өзімді өзім жазғырып.
Арбалдым.
Талай алдандым,
Сандалдым –
Сайтан азғырып!
Өзімді өзім кешпеймін,
Өксимін, жаным, мен іштен.
Өмірді қалған не істеймін,
Неге үндемейсің, Періштем?!
Сайтандар отыр төрімде
Күзетіп мені көз ілмей.
Періштем менің, өмірде
Өңез боп шықты өзімдей...
Оң заттың өзін теріс деп
Адамдар асылық айтады.
Бір иығында – Періште,
Бір иығында – Сайтаны!
Адамдар күндіз, түн демей
Үзбек боп жатса көгенді.
Періште біткен үндемей,
Сайтандар сайрай жөнелді!
Зарланды ел!
Естен танған-ды,
Жазмышын іштен жазғырып.
Арбалды. Талай алданды!
Сандалды –
Сайтан азғырып...
Отты айтсаң – боққа қашады
Қара құрт құсап қыбырлап.
Құдайды қолдан жасады
Құлағына Сайтан сыбырлап.
Не дейсің мына жауызға!
Ұстап тұр ұлыс Күнді әрең:
Бауырын – бауыры бауыздап
Көрлақат болды күллі Әлем!!!
Жүгіртіп елді сан-саққа,
Өздерін өзі,
Өзге алдап,
Үйленіп Сайқал – Мансапқа
Сары алтын барад көзді арбап..
Махаббат –
Өмірбаяннан
Сап болып, қалмай құны түк,
Қозы Көрпеш пен Баяннан
Басқа жұрт қалды –
Ұмытып!!!
Ошақтың сөнген шуағы,
Ойлай ма залым басқаны,
Қорланған нәсіл туады
Зорланған... қарындастары!
Қайғыны көріп, қазаны
Қажып та бітті хас тұлға.
Адамзат сынды азалы
Боздақ жоқ аспан астында!
Өзімді өзім кешпеймін,
Өксимін, жаным, мен іштен.
Өмірді қалған не істеймін,
Неге үндемейсің, Періштем?!





Пікір жазу