20.08.2022
  92


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

МАКРО-ӘЛЕМ, СЫРЫМДЫ АЙТАМ ӨЗІҢЕ

Макро – Әлем, сырымды айтам өзіңе,
Микро – Әлем көріне ме көзіңе?
Аярлықтан құтылатын айла жоқ.
Айдаһарлар аузын ашып, шайнады от.
Кіжінеді кіп-кішкентай бір жерде
Кіп-кішкентай сталиндер пайда боп...
Жаһан – Дүние жаңарғанмен жақсы боп,
Бәрі – тапшы, Шындық одан – тапшы боп –
Кіп-кішкентай ауданда әлі кішкентай
Брежнев жүріп жатыр хатшы боп.
Кіп-кішкентай бериялар тың тыңдап,
Кіп-кішкентай жүректерді мұң тырнап,
Миғұла ғып жіберердей миды жеп
Кіп-кішкентай сусловтар сұңқылдап!
Өмір бойы өзгертпеген өресін,
Қайтем мынау төлеңгітін, төресін.
Ел ағасы болып алған кәдімгі
Кіп-кішкентай елтайды да көресің!
Макро-Әлем, кем бар бізде, артық бар,
Өзің кел де, қаһарыңмен қарпып қал:
Қалқып шықсын қазаныңның бетіне –
Микро-қарасартовтар!
Макро-Әлем, сырымды айтам өзіңе,
Микро-Әлем көрінбей ме көзіңе?





Пікір жазу