20.08.2022
  100


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Мен енді мұң шақпаймын бір адамға....

Мен енді мұң шақпаймын бір адамға,
Не жетсін іштен тынып, шыдағанға.
Елжіреп егілмесем тірі адамға
Жынданып кетпеймін бе, бірақ онда?
Өршімей алай-дүлей толқын ішкі
Өзіммен өзім жүрем. Сол – тыныш-ты.
Күрсінген даласы да – аянышты,
Түксиген қаласы да – қорқынышты.
Бұл неткен мұздай суық діні халық,
Сөйлейді тілі ғана – ділі қалып.
Қарап тұр бәрі маған кірпік қақпай
Іштегі құпиямды біліп алып.
Сезем ғой наласын да, жарасын да,
Көп сыр бар көздерімнің қарасында.
Құдай-ау, сырымды айтып, шынымды айтып
Қаңғырып қалай жүргем арасында?
Қой... Енді мұң шақпаймын бір адамға
Жынданып кетпеймін бе, бірақ онда?
Адамзат жөнін айтпай, шыдағанда,
Не жетсін өзіңе өзің жылағанға...





Пікір жазу