20.08.2022
  106


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Қырық жыл – ауысып түн, күн дүбірі...

Қырық жыл – ауысып түн, күн дүбірі,
Қиялға айналғалы қыз бұрымы.
Жүз өлең болды-дағы қалды, бірақ,
Лүп еткен жүрегімнің жүз дірілі.
Тәңірден жоқ рахат, тақ сұрарым,
Әлемде әйелге кеп бақ сынадым.
Лүп еткен жүрегімнің жүз дірілі –
Жүз өлең!
Қолыңа әкеп тапсырамын!
Қойса да бақ құс қонып, ісім өнбей,
Басты екен бәрін кімнің мысы мендей?
Өтетін болдым мына дүниеден,
Өзімдей сүйген сені кісі көрмей!
Күлкіңді көріп ұлы Күн-иеден,
Жазғаным – тәңір жыры, діни өлең.
Бар-жоғы мен жүз-ақ күн ғұмыр кештім,
Жүз рет сені көріп дүниеден!
Алтынға, інжуге де қарамаймын,
Сен – аққу болғаныңда, далам – айдын.
Қырықтан ассам-дағы, туғанына,
Қырық күн болған сәби баладаймын!
Тәніне ішіп-жейтін жанарын сап,
Сұқтанып сұлулыққа, сала құшақ, –
Әйелді еркек құсап сүю – қылмыс,
Елжіреп, сүю керек бала құсап!
Мен – жерде, сенің – рухың көкте, міне,
Ұқсайсың бейіштің пәк кептеріне.
Жүз-ақ күн осы жарық дүниеде,
Өкінбен өмір сүріп кеткеніме!
Қырықтан қыдыр қонар ғұмыр өріп,
Өлеңнен өмірге өрттей дүбір еніп –
Ләйләға жете алмаған Жұматайдай,
Көшетін кез де келер күңіреніп...
Көп шығар көрмеген ел күрсініп түк,
Жанында бүтінделмей бір сынықтық –
Жалғанда жүз мәрте өмір сүрді дерсің,
Жүз мың жұрт жүргенде құр тіршілік қып.





Пікір жазу