20.08.2022
  98


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Мен бүгін тағы, жан аға...

Мен бүгін тағы, жан аға,
Жатырмын ауруханада...
Дәрігерлер іздеп күні-түн
Дертімнің тапты бір емін:
«Өлеңді таста, жігітім!
Өрекпіп жатыр жүрегің...»
Бір ойлар басты түтіп жеп,
Қағазға көшіп таңбасы –
Қолымда тұрды лүпілдеп,
Жүректің кардиограммасы!
Мен ғана ма екен алаңдап,
Сарғайған ойлар санамда.
Ғаламзат, бүкіл адамзат
Жатыр ғой – ауруханада!
Адамның тағдырнамасы, –
Заманның тағдырнамасы, –
Жүректің кардиограммасы!
Ғасырдың кардиограммасы!
Арайлап атып таңдарым,
Көңілден көшті замандар.
Көзімді ашсам – жан-жағым
Ақ халат киген адамдар.
Бір ойлар басты түтіп жеп,
Соларға ұшып жөнедім.
Қолымда тұрған лүпілдеп –
Кардиограмма – өлеңім...





Пікір жазу