20.08.2022
  81


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Ғасырлар-ай! Қасіретті! Тұлдырсыз!

Ғасырлар-ай! Қасіретті! Тұлдырсыз!
Келгені де, кеткені де – түс, мүлде.
Жер астының бәрі – мола! Жүрміз біз –
Адамзаттың сүйегінің үстінде!
Әзәзіл күш әбігер сап әлекпен,
Әлсіз пенде тайталасты күштімен.
Жоқ Тарихтың – төте жолы. Бәрі өткен –
Адамзаттың сүйегінің үстімен.
Ұландарым қалды қанша жотада
Төмпешік боп? Түн-Ғасырлар – түс, мүлде.
Жер астының бәрі – мола! О, тоба!
Адамзаттың сүйегінің үстінде –
Гүл ашып тұр өмір бағы. Батыр да,
Ақын да көп... Зілзала алып мазаны,
Отырардың Обалары һақында
Өлең жазып жүрміз сонда азалы.
Қайшылықта қалқып жүрем сандалып,
Қалш-қалш етіп тісім тимей тісіме.
Тәж-Мақалды көріп қайтсам таң қалып –
Хиросима... кіреді ылғи түсіме!
Крематорий – Бухенвальдтар бар тағы!
Адамзатқа айтпан одан басқа түк:
Қыз-Дүние көзіңді арбап тартады,
Мұз-Дүние жүрегіңді қақсатып!
Әзәзіл-күш әбігер сап әлекпен,
Әлсіз пенде тайталасты күштімен.
Жоқ Тарихтың – төте жолы. Бәрі өткен
Адамзаттың сүйегінің үстімен.
Ғасырлар-ай! Қасіретті! Тұлдырсыз!
Келгені де, кеткені де – түс, мүлде.
Жер астының бәрі – мола! Жүрміз біз
Адамзаттың сүйегінің үстінде...





Пікір жазу