20.08.2022
  131


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

АЛТЫН АДАМ

Арқадан шықты бүгін Алтын Адам,
Ай мен Күн айдарында жарқыраған.
Алдында төрт құбыла көзін жұмып,
Тізесі тексіздердің қалтыраған...
Аузы аққа қайтсе Алаштың жарымақ деп,
Ойға – нұр, жанға – шипа, дәру ап кеп, –
Жеті қат жер астынан атып шығып,
Қонады ол арқамызға Әруақ боп.
Атаңның әруағы қалғыған жоқ,
Алашты алқайды ылғи алдынан кеп.
Әлихан Бөкейхан боп – Ақсораңда,
Баянда туды – Әлкей Марғұлан боп!
Ғаламды басып бекзат, халқым, мысы –
Һас Сақтан тағы шықты Алтын Кісі.
...Қайдағы өлең айтқан біреу емес –
Қасым –
Сол саф алтынның сарқындысы...
Жаныңды тастай салып,
Жасынға кір!
Әруақ жай жүрген жоқ қасыңда құр:
Түгі осы Баһадүрдің жүрегінің,
Тоқтардың жүрегінің басында тұр!
Ай мен Күн айдарында жарқыраған,
Кәрінен тексіз біткен қалтыраған;
Адамзат үмбетінің ақсүйегі –
Асылзат Алтын Алаш – Алтын Адам!
Біз жұрттың соңы ма едік, қоры ма едік,
Түс болса, Тәңірі, өзің жоры келіп.
Батырын, ақынын да мазақ қылған,
Қалай тұр аяр заман соны көріп?!





Пікір жазу