![](/uploads/shorttexts/author_image/118936239-3005264913033768-7346388476001674305-n[1].jpg)
Сұлу қыз...
Сұлу қыз,
Бал шарап –
Омар Хаям рубайлары,
Кез болды кейін бізге удайлары...
Дауасы кем емес бір шаманыңнан,
Ес жисақ түнде құлап, таң алдынан –
Мас болып өте шыққан екенбіз ғой,
Елтай мен Колбиндердің заманынан.
Қотарып сіміргенде қалыс қалмай,
Итпен де, құспен де іштік намыстанбай;
Ит пен де, құспен де іштік намыстанбай –
Қасиетті Есенинмен қағысқандай...
Босатқан күлкісі мен әзілі ішті,
Ойын-той отырыстың назы күшті.
Мұқағали жазарын жазып – ішті,
Біздікі – бір әшейін мәжіліс-ті.
Кеудесін тырналаған қара күшік,
Ақындар бардан барға барады ұшып.
Қазтуған қымыз ішіп жазған жырды,
Қай қазақ жазар дейсің арақ ішіп?!
Қазақтың түркі болып түсіне енем,
Күлтегін – түбім, буған ішін өлең.
Аулаққа барады – ауып мама-бием,
Айрылып құлыныңнан кісінеген...
Қырықтан асқан кезде, а құдайлай,
Түсіндік бір нәрсені қапы қалмай:
Жырлаған бал шарапты Омар Хаям,
Кетіпті одан тіпті татып алмай.
Жандай боп дуаланған шаманыңнан,
Ес жидық түнде құлап, таң алдынан.
...Мас болып өте шыққан екенбіз ғой,
Елтай мен Колбиндердің заманынан.