20.08.2022
  89


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Қай жаққа мені әкеттің тағдыр тепең көк?

Қай жаққа мені әкеттің тағдыр тепең көк?
Қарашаңырақ қайда,
Қай жерді жүрмін мекендеп,
Қыс түссе болды, қысылып жүрем, күрсініп,
«Қарқаралыда да қар жауып жатыр ма екен» деп.
Анаңның жүзін бір көруге де ділгірсің.
Қасында мен жоқ.
Шаруасы қайдан мыңғырсын.
Қыраулы қыста бұзаулап қалып сиыры,
Жем-шөбі қат боп, уайымдап жүр ме?
Кім білсін...
Шаруасы жұрттың жатқандай маған тіреліп,
Күтпеппін малын қасына, шіркін, бір еріп,
Өзінің сүтін емгенде кісі болғандай,
Несіне әуре –
Сиырдың сүтін жіберіп?!
Қай жаққа мені әкеттің тағдыр – тепең көк,
Қарашаңырақ қайда?
Қай жақты жүрмін мекендеп.
Ойлаумен жүрмін, қаһары қайтып қыстың да,
Сиыры жазда бұзаулап бітсе екен деп.
Аман ба, Тәте, адам затынан бөлегім,
Тауыса алмадым дүниені, шарлап көлемін.
Барғанда жазда бұзауың тұрса мөңіреп,
Өзектен лықсып құйылар шерлі өлеңім...





Пікір жазу