ҚАСЫМДАР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Қасым Орынбетке
Пенза мені қарсы алды періште деп.
Жаным – көктем, жап-жасыл бейішке кеп.
Көз алдыңа келеді –
Жүрген кезде мекендеп алыс қырды,
Жүрегіңді жаулаған ағыс күллі.
Аға жоғын білгендей кіндігі бір
Мені тағдыр өзіңмен таныстырды.
Тілейтұғын тілеуің бекем ана
Қайда бармақ ер жігіт жеке-дара?
Қаталдығын қарашы мына өмірдің,
Сенде туған іні жоқ екен, аға...
Еңсемізді езіліп түсірместен,
Жүдеместен, бозарып, ісінбестен –
Ғұмыр сүріп келеміз. Жалғыздықтың
Не екенін тым жете түсінбестен.
Шыққан кезде жарыққа менің жырым
Жақсыларға сен бердің көрімдігін.
Жүріп келем құлатып алмайын деп
Ағалардың аманат сенім – жүгін.
Жүріп келем. Жүректен сыр ақтардым,
Естіп үнін бұлбұл мен бұлақтардың.
Талай пенде шалды да аяғымнан,
Талай жерде шалқамнан құлап қалдым.
Жүріп келем. Аярдан алдандым кеп.
Қайтара алмай есемді дал болдым кеп.
«Ақын деген – бала ғой!» – деп кекетті ол.
Сондай кезде кетеді шал болғым кеп!
Жүріп келем. Күллі елге сүйікті емен.
Күйкілерге мен де іштей күліп келем.
Ғашық болып қалдым да Қасымдарға,
Тасырларға қарадым күдікпенен.
Қасымың – кім? Тасыр – кім?! Көріп – таңмын.
Өз сөзімді айтсам деп өліп-талдым.
Өмірімді өлеңге айырбастап
Кейде менің... келеді өліп қалғым!
Тас бас жарды тағдырмен алысқанда.
Зәрем ұшты Топаспен танысқанда.
«Ақын деген – ақымақ!» – дейді мәз боп
Ал, өздері сонда кім? – Данышпан ба?!
Дастарқандай жаныңды салсаң да ашып,
Күледі олар мазақтап, арсаңдасып...
Абайдың да ауылына ат шалдырмай
Ақымақтар жүр екен алшаң басып!
Көктегі еріп мен асау жасындарға,
Сапар шектім шаң басқан ғасырларға.
Қара сөзін көп елдің түсінбедім –
Ғашық болып қалдым да Қасымдарға!
Қасым ақын жоқ. Тірі – жыры бүгін,
Бастан кешкен тағдырдың тығырығын.
Жазмыш менің жазбады маңдайыма
Сезінуді қолының жылылығын...
Қасым кетті. Қалды тек – өр өлеңі.
Өр өлеңі – бесікке бөлегені.
Жөнелді ағып жұлдызша көгімізден
Айбергеннің аяулы Төлегені.
Қатты тиді тағдырдың тезі бізге.
Өкініштен өртендік өзіміз де.
Алатаудың атақты ақ иығы
Мұқағали түспейді көзімізге!
Қанатымыз қан болып қайырылып,
Сұм ажалдың қалды ма қайыр, үміт?
Қасымдардан, құдай-ау, жасындардан
Қаншама рет қалғанмын айырылып?!
Шашып алған алқамдай, асылдарды –
Қасымдарды іздеймін, жасындарды.
Менің осы тарқамас сағынышым
Мәңгі кезіп жүреді ғасырларды.
Шыр айналып жүрмеспіз осы араны.
Асқақ Муза алдыңнан тосар әлі.
Менің осы тарқамас сағынышым
Қайтсе де бір Қасымға босанады!
Мен ойлаймын өмірді – мұз асу – деп
Ұрпақтардан ұрпаққа ұласу – деп.
Білгендей сол мұңымды, сен ұлыңа
Ат қойыпсың, ағатай, – «Расул»,– деп.
Дидарымыз әжіммен шимайланса,
Арман бар ма аз ғұмыр жырдай болса.
Мен де тастап кетер ем осы өмірді
Енді қайтып Қасымдар тумай қалса