20.08.2022
  166


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Шешен билер тамсандырған сөзіне

Шешен билер тамсандырған сөзіне
Ұқсап кетті Цицеронның өзіне.
...Сарыарқаға келсем болды, сурет боп
Неше түрлі елестейді көзіме.
Мұңды Тоқа күйлерінің сазы кеп,
Сыр шертеді өткен күннің назы деп.
Тақпақтап ап жөнелетін секілді–
Төрде отырған Қаз Дауысты Қазыбек.
Балқан таудан балбыраған тәтті үн кеп,
Рух болып күңіренеді Тәттімбет.
Керемет бір ой үстінде тұрамын,
Кеңістікке «Адай» болып аққым кеп!
Беймаза боп тұрғанымда сабылып,
Құлақ күйден қалғандаймын жаңылып.
Көз ұшынан көрем Абай атамды,
Бара жатқан қара түнді жамылып...
Жаз да бітіп, мамыржай бір жеткен күз.
Асфальт жолға сала алмайсың тепсең де із.
Дүниеден Ақан сері қайтты да,
Серуенге шықпай қойды сексен қыз!
Ойым – быт-шыт... Таң қаламын өзіме:
Қалар болдым сыншылардың сөзіне!
Сарыарқаға келсем болды, сурет боп
Неше түрлі елестейді көзіме...





Пікір жазу