АҚТОҒАЙДЫҢ АҢЫЗЫ ҺӘМ ТАШКЕНТ БАЗАРЫНДАҒЫ ӘНШІ ТУРАЛЫ ХИКАЯ
Дәртай Сәдуақасқа
Ән... арқада құс болып ұшып жүріп,
Құс болса да құдірет, күшін біліп.
Қонбай қойған... Өзінің қол жетпейтін
Құдай үні екенін түсіндіріп.
Ақының да таң қалған, пақырың да,
Қонбай ұшқан құс шалғай шақырымға –
Ақтоғайдың үстінен өте беріп
Абдырапты адамдай ақырында...
Сиқыр үнді ести сап мекенінен
Алдан шыққан қырық қыз нөкерімен –
Қызыларайдың шыңына көзі түсіп
Әнші құстың қызуы көтерілген.
Шыңда – қыран, қырында – сағым ұшып,
Тоқайласты ән мен ел сағынысып.
Шағаладай жарқырап Шатырша тұр
Күн нұрына маңдайы шағылысып.
Іштен тынып ұлыстың ұландары,
Орнағандай бейіш кеп құрандағы...
Бегазының беліне шыға беріп
Тоқтай қалды Қусақтың құландары.
Паң даланың саңқылдап қырандары,
Ақжарықта аққулар сылаңдады.
Жерге түсті ысылдап есі шығып,
Жыландының ордалы жыландары...
...Дарынсызды бір сәтке кәріп қылып,
Әрі өзіне ғашық қып, әрі ықтырып, –
Содан бері Ақтоғай ән салады
Күйкі қамын тірліктің тәрік қылып!
Өмірім – ән. Сол болар – ажалым да.
Қайда жүрсем сиқыр үн – назарымда.
Ән салмайтын мен едім. Мен де бірақ
Бір шырқағам Ташкенттің базарында!
Шырқап едім кенеттен басқа ой салып
Жанды буған бұрқанып жастай шалық.
Ай сұлулар тап берген сонда маған,
Сатып тұрған жемісін тастай салып!
Балуан Шолақ болса егер далам маған
Айқайшысы – мен соның далаңдаған.
Тәнті қылып Ташкенттің перілерін
«Ғалиямен» әнімді тамамдағам...
Жәрмеңкеде ән айтса, тәйірі не?
Қыз пейілден қайтсыншы қайыры де!
Сансыз көздер қадалып еді сонда
Сайрап тұрған қазақтың шәйіріне...
Сыйғыза алмай көл-көсір қазынаны,
Ала-құйын арқамнан азынады.
Таңырқаған таң – сұлу ханымдарға
Жасап едім сонда бір базынаны:
«Көгілдірде көсілген тау-тасым бар,
Көзбен көрсең аңыз ғып айтасыңдар.
Ақтоғайға жол түссе ән алып кел,
Есесіне – ән алып қайтасыңдар!»
Өмірім – ән. Сол болар – ажалым да.
Қайда жүрсем сиқыр үн – назарымда.
Арманым жоқ, өмірде, айналайын,
Бір шырқағам Тәшкеннің базарында...