20.08.2022
  79


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Көзіме шер – жас толды да...

Көзіме шер – жас толды да,
Жырыма көшті зіркілі.
Шешеміз жесір болды да –
Жетім боп қалдық бір күні...
Жаралы – жүрек. Айт, емін!
Көз – басым сонда – көнек-ті.
Еркектің көбін қайтейін,
Әкемнің орны бөлек-ті.
Жақсы екен бары-жоғынан!
Бауырына тартар мәпелеп,
Біреудің еріп соңынан
Жүгіргім келді: «Әкелеп!..»
Тұйыққа барып тірелдім
Шикі ойды тағдыр пісіріп.
Біреудің ұлын... біреудің
Аямайтынын – түсініп!
Сиреді шалдың қатары.
Болмысқа осы болдық таң.
Абдырап Адам – Атаны
Айта да берем сондықтан...





Пікір жазу