20.08.2022
  121


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Осы бала бауырым, туысым да...

Осы бала бауырым, туысым да,
Ойда... отырған киіз үй қуысында.
Көзінде – арман шұғыла. Тоқырауынның
Ақ бидайы бар екен уысында.
Сол баланың кеудесі толған арман.
Ашып тастап аяғын жол қараған...
Өмірдегі күнә үшін: өнердегі
Мен кешірім сұраймын сол баладан.
Жүрегімді аумайтын домбырадан
Құлақ күйін келтіріп сол бұраған.
Кердеңдеген кей пенде кешірмесін,
Тек – сол бала кешірсе болды маған!
Әлі есімде мектепке барғаны да,
Қаншама 2, қанша 5 алғаны да.
Киіз үйде отырған сол баланың
Құлақ түрсең іштей ән салғанына!
Ұшқыш болсам деуші еді. Жырақтағы
Жиһанкез де болуды ұнатқаны –
Бәрі есімде. Жарық-ты мұрат – таңы
«Батыр болсам...» дейтұғын аңғал бала,
«Ақын болсам...» деген жоқ бірақ-тағы.
Ақын болсам дегем жоқ. Серігіңде –
Құпия көп, көз салсаң көңіліне.
Енді, міне: өзектен өлең өріп
Артып алды бір жүкті өміріне.
Сұра көктен, даламнан сұра менің,
Сұра әкемнен, анамнан сұра менің.
Ақын болсын демеген, алаң оймен
Адам қылып жаратқан мұрагерін.
Ғашық болып гүл-қызға; батыр ұлға
Жүрек шерін армансыз сапыруға,
Таяздарды тереңге батыруға,
Жетесіздің бастарын қатыруға,
Ұзақ таңды ұйқысыз атыруға,
Ата-ананың тыңдамай ақылын да –
Ақын болып кетіппін ақырында...
Жұмып алып көзімді жүре беріп
Кереметтен – кетіпті жүрек еріп.
Дантең менен Абайым шықты алдымнан
Ұйқтап жатқан жерінен түрегеліп!
Ақының кім? Ақының – мен бе сенің?
Абайыммен қалайша теңдесемін?
Ақының кім? Ақының – мен бе сенің?
...Мен өмірге ақын боп келмесем де,
Әйтеуір, бір пақыр боп келмес едім.





Пікір жазу