20.08.2022
  123


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

КҮН АСТЫНДАҒЫ КҮНЕКЕЙ ҚЫЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

1973 еді.
У-шу бала едік ұшқалақ.
Алматы барсаң – кеткісіз еді,
Арбайтын еді ұстап ап!
Жалындап жүрген жас ақын едік
Жаңа өскен өрім талдардай,
Бас қоссақ – жырға басатын едік
Қымызға тойған шалдардай!
Өлеңнен алып дәру – жанына –
Сезімнен, ойдан су жаңа –
Ару – шаһардың арулары да
Арбалды біздің Музаға.
Таң-сұлу көрсек таласып-талып
Думанға еріп сүйрелдік.
Ай-сұлулардан адасып қалып,
Алдауды біз де үйрендік...
Парызын елдің бір өтейміз деп
Арманға жүрдік арбала.
«Күн астындағы Күнекей қыз!» – деп
Сарнайтын еді сары бала...
Басқа өлең ауызға алусыз қалды –
Ертектен Пегас желіп кеп.
Аңызда жүрген ару қыздарды
Жырлайды ел соған еліктеп!
Керімсал нұрды айт келбетіндегі,
Кейін ол бөтен күйге енді:
Күнекейге емес... Жер бетіндегі,
Басқа бір қызға үйленді!
Ару деп пе еді арбала құлап?
Түн өтті... Бір-ақ күн өтті:
«Күнекей қыз!» – деп сары бала, бірақ,
Сарнауын, тіпті үдетті!
Бітпейді мүның әлегі неге?
Күнекей – оған керегі!
Әйеліне де, әдеміге де
Қарамай қақсай береді!
Әр жерден басы қарая қалады
Көздері – сайын далада.
Асқақ қала да алая қарады
Аңыздан келген балаға...
Жөнелді бір күні қырды асты-дағы,
Біз қала бердік таңданып.
Күнекейді іздеп Күн астындағы
Сары бала кетті сандалып...
Қала тұр сақтап бейіштегі әрін,
Думанға батып не түрлі.
Күнекей деген періште барын
Ұмытып қалған секілді!





Пікір жазу