20.08.2022
  74


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Өз-өзінен болып алған басқа адам –

Өз-өзінен болып алған басқа адам –
Онда менің жасым оннан аспаған.
Абырой боп, аудандағы газетте
Өлеңдерім өңін аша бастаған.
– Ойрантаудай жер жәннаты жоқ! – дейді.
Оған қандай жүрек жұтқан беттейді?
Осыны айтқан Төкен дейтін қойшы ағам,
Аусар ағам... көз алдымнан кетпейді.
Жасым кіші. Таласуға хақым жоқ.
Үндей алмай отырамын пақыр боп.
Қызып алса әлгі қойшы (таң қалам)
Бір-ақ сәтте шыға келеді ақын боп!
Ой тұсауын ертегімен кестірем,
Керуен тартқан бір аңыз бар ескіден:
Ойрантаудың етегіне келгендер
Ақын болып кетеді деп естігем...
Тауын айтса сайрайды-ау кеп тіл-көмей!
Қабағын да түйіп алған... «Күл» – демей...
– Ойрантау! – деп бастайды да өлеңін
Қырсық шалып... отырады үндемей!
Біздер кімбіз? Оған қалай күлеміз?
Ыдыс-аяқ сынбаса деп тілеңіз:
«Қой ұрлайтын Өміржандар секілді
Ой ұрлайтын ақындар бар... Білеміз!» –
Дейтін сол бір Ойрантаудың өрені
Ылғи мені жүмбақ ойға бөледі.
Тірі пенде естімеген қанығып
Қандай екен, шіркін, соның өлеңі?
Қызыларай, есіңде ме сол ақын?
Шежіреңе қалдырмады ол атын.
Ойрантау деп өлең жазған ең алғаш
Мен емеспін. Сол бір қойшың болатын!





Пікір жазу