ШАЙТАНКӨЛ БАЛЛАДАСЫ
Самат Жүніске
Жастықтың тамылжытып салған әні –
Көп болды Шайтанкөлге бармағалы;
Маңында масайрап-ақ жүрміз ғой деп,
Өзіміз-өзімізді алдағалы...
Қайтейін, қайран жүрек қапы қалды,
Бір дауды бітпейтұғын сатып алды:
Абдырап Алматыдан Дәуітәлі кеп,
«Көрсет – деп «Шайтанкөлді!» – жатып алды!
Тауды да елеместен тау екен деп,
Қияда тәнімізді әуе тербеп.
Буынып-түйіндік те тартып кеттік,
Басына Шайтанкөлдің «Тәуекел!» – деп.
Түсеміз бұралаңнан бұралаңға
Көлшіктер көз жауын ап тұрады алда.
Күйіктен күйбең қағам, шатақ-қонақ
«Шайтанкөл – осы ма?!» – деп сұрағанда!
«Жоқ, әлі биікте», – деп бал ашамыз.
Бұл маңда әрбір тастың арасы аңыз.
Шайтанкөл жатқан шыңның етегінде,
Албасты басқандай боп адасамыз!
Мықшыңдап тырмысамыз қайқаң белге,
Ішімде құпиям көп. Айтам ба елге?
Ләйланы Сұлушашқа қосып жырлап,
Нем бар ед, тыныш жүрмей – Шайтанкөлде?
Мен – алда. Ал қонағым менен кейін...
Қияда жол таба алмай... елеңдейін.
«Сен өзің Шайтанкөлде болмапсың ғой!
Неңді, енді, шатып жүрсің?!» – дегендейін.
Қонағым ашуланып қалды құзда,
Баса алмай әуре сарсаң қанды қызба.
Түңіліп... қайтатұғын қайқаңды ассақ:
Жарықтық! Жатыр екең алдымызда!
Керемет тәкаппарлық келбетінде,
Қаңғырып қайдан келдік тербетуге?
Сұлушаш түгіл, менің жырымдағы
Ләйла да көрінбейді көл бетінде.
Тауға кеп құлағандай аспан – алып!
Мәңгіріп тұрған ақын астаналық:
«Сұлушаш! Қайран анам! Қайдасың?!» – деп
Айқайға басты дерсің масқара ғып...
Сезіксіз сеніп келген бар аңызға
Ғалия абдырайды арамызда:
«Апырым-ай! Алматыдан аман келген
Адамды ауру қылып аламыз ба?!»
Күн батты көкжиекке жалқынданып.
Көлің де бара жатыр салқынданып...
Шомылып Дәуітәлі жүр, шолпылдатып:
Аумаған аңыздағы алтын балық!
Ешкімді енді көзге ілмейтіндей,
«Тәнім мен судың тегі бір!» – дейтіндей:
«Шайтанкөл! Шайтанкөл!» деп бебеулейді
Біз осы көлдің атын білмейтіндей!
Денесін көлдің толқын – биі өңгеріп
Шоршыған балыққа бас ием келіп.
Келгені Алматыдан кеше ғана!
Алыпты көлді өзіне иемденіп!...
Жыр еткен Сұлушашты қайран, Сәбит!
Даңқыңды көкке апарып қойған шабыт!
Шіркін-ай, көресің бе өз көзіңмен
Көліңде бір бала жүр ойран салып!
Тың тыңдап: «Үн бар; – дейді – жылағандай!»
Сұлушаш сөйлей ме оған тірі адамдай?
Бебеулеп біздер тұрмыз, шоршып жүрген
Балықты жағалауға шығара алмай...
Ғаламға ғажайыбын жариялар
Көп пе екен, шіркін, мұндай дариялар?!
...Келеміз Шайтанкөлден төмен түсіп,
Ләйла жоқ – қолтығымда – Ғалия бар.
Қайда асау адуынды арынымыз?
Басылған бағанағы шалығымыз.
Құрлықта әзер жүріп келе жатыр
Көлінен жаңа шыққан «Балығымыз!!!»