20.08.2022
  86


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Сықырлайды креслом. Кеңседемін.

Сықырлайды креслом. Кеңседемін.
Келген елді еркіммен еңсеремін.
Ел тағдыры миымды шағып әбден
Көтере алмай басымды... теңселемін.
Мұрша бермей қойды-ау жұрт дамылдауға,
Қарай алар шама жоқ дабыр, дауға.
Бірінен соң біреуі... Бәрін бірдей
Үлгеретін емеспін қабылдауға.
Екшейтін мен: жөн бе екен, теріс пе екен,
Пәтуаға көнбейтін керіс пе екен...
Хатшы қыз да қалқиды аққуға ұқсап,
Ғалияның өзіндей періште екен!
Бұл Жібектің кім екен Төлегені?
Көрген сайын көзге нұр бөленеді.
Бір телефон сұңқылдап сөйлеп жатса,
Бір телефон... безілдей жөнеледі.
Неткен ғажап ел-жұрттың мұрат – әні,
Ілтипаты кісіні жылытады.
Баспалардың бастығы телефондап,
Қолжазбамды қолқалап сұратады!
Мен кім едім? Осы жұрт не біледі
Дабырайтып алған-ау, тегі мені?
Жыршы біткен өлеңін маған арнап,
Сыншы біткен бас иіп, егіледі.
Оған-дағы үйренген етім бүгін.
Желмен бірге кетіпті жетімдігім.
Кеше өзіммен бірге ішкен жігіттерге
Кекесінмен қарайтын секілдімін!
Кеудем толы өлең бе, ария ма?
Ақ кемемен жүземін дарияда...
Көргендерім – ғажап-ты. Ояна сап
Аңыз қылып айтқанда Ғалияға...
Жүз шайысып, сол жолы ұрысқан ек,
Жерге түсті... қолында – хрусталь ед...
Таң қалған-ды зайыбым, сандалған-ды:
– Ақыл-есің, байғұс-ау, дұрыс па?.. – деп.
– Шытынама сен анау... хрусталша,
Жөнін біліп алсаңшы – ұрысқанша:
Әкім болар едім ғой, ақын болмай...
Ақыл-есім егер де «дұрыс» болса!





Пікір жазу