20.08.2022
  161


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Білер ме ерің...

Білер ме ерің,
Саған арнап біреудің жыр өргенін,
Өмірінің серігі болмаған соң
Өлеңінің пірі ғып жібергенін, –
Білер ме ерің?
Періштедей бейнеңе таң қалғанын,
Арбалғанын, елеске алданғанын;
Алатауға сені іздеп сан барғанын,
Сан барғанын... таба алмай сандалғанын?
Біреу иемденетін шекер, гүлін
Махаббаттың біле ме бекерлігін?
Не деп кеттім? Қайдағы еске түскен
Қасіретті зауал күн екен бүгін...
Жоқ, білмей-ақ қойсыншы мүлде мені,
Бүлдіріп алып жүрме бірдеңені.
Бар нәрсені білетін жұрттың кейде
Бір нәрсені... жөн шығар білмегені!
Жат жанға ауса бар ынта, ықыласың
Азабынан сүюдің құтыласың.
Екі-ақ адам білуге тиіс қой, бірақ,
Махаббаттың ғажайып құпиясын...





Пікір жазу