20.08.2022
106

ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫР ЖЕРДІҢ БЕТІНДЕ..
Жұдырықтай жұмыр жердің бетінде
Жұдырықтай пенде еді бір
болғаны...
Кіші кісі. Кіші қызметі де.
Портфелі де жуан емес қолдағы.
Аз – мұз ғана еңбекақы.
Күлкілі: алтын берсең,
ашкөз емес,
алмас-ты!
...Терезесі дүрсілдеді бір күні
атып тұрса:
Соғыс деген
Албасты!!!
Алды ол сонда кіп-кішкентай автомат.
Кіп-кішкентай етік көрдім кигенін.
Кіп-кішкентай каска көрдік... қат-қабат.
Өз бойындай – кіп-кішкентай шинелін...
Шабуылда өлді ол. Қашып кетпеді!
Үні естіліп шықырлаған тісінің...
Мырза – жердің мәрмәрі де жетпеді
Құйған кезде сол Кісінің мүсінін.