20.08.2022
  113


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Кездестірші сол қызға мені бүгін...

Кездестірші сол қызға мені бүгін,
Қайта тусын баяғы сері жырым.
Баяғыда бал болып елестеген
Бір жұтайын шырынын ерінінің.
Кездестірші...
Ару бақ, саялы жай!
Жалғыз қаппын жаһанның саяғындай.
Дарияның аққуы – Ғалияның
Тәні, жаны ақ па екен баяғыдай?
Уақыт жүзі алмастай өткір екен,
Оған да оның ойраны жетті ме екен?
Қара шашын қайта бір сыйпайыншы,
Әлде, бордай ағарып кетті ме екен...
Кездестірші.
Мені енді торықтырма.
Жолықтырғың келмей ме?
Қорықтың ба?!
Арамызға ақжолтай болып тұр да,
Кездестірші баяғы қыз күнінде,
Әйтпейді екен – мәңгіге жолықтырма!
Ертегіге сенуші ем – қасиетім,
Әлеміш сөз жоқ, онда әсіре тым:
«...Асылығың жынданып кеткен – дейді, –
Ғашығының көргенде қасыретін...»





Пікір жазу