20.08.2022
  107


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Құстар келді.

Құстар келді.
Қыстар келді.
Күндер келді.
Түндер келді.
Тағы да құстар...
Тағы да қыстар...
Тағы да күндер...
Тағы да түндер...
Сені күтем жүрек лаулап жанса да,
Әбден жүдеп, айырылып әрінен.
Келіп, кеткен Аяз – Ата қаншама?
Сені күтем.
Сені күтем әлі мен...
Сені күтем, сағынышқа жан-ұя.
Сол сағыныш ғұмырдағы жолдасым.
Міне, отыз жыл... сені күтем, Ғалия!
Басқа қызды күтсем – жолым болмасын!
Сені күтем, сені күтем алаңдап,
Біздің үйде ғана сөнбей жанған нұр.
Шырт ұйқыда жатқан кезде адамзат
Бөлмеме осы кіріп келіп таң қалдыр!
Ақ көйлегің ақша бұлттай әдемі,
Көрсем сені, көздерімді ашқанда.
Саған арнап жүрген шарап бар еді,
Сонымды атып жіберейін аспанға!
Осы күнді қанша күттім демеймін.
Көз жасыңды үзіп... сен де жасыма.
Аяулымды – Анамды ертіп келейін
Жаюлы осы дастарханның басына.
Таң қалайын өңім бе деп, түсім бе?
Маңдайыма жазылса да ұрлық – той:
Өмірдегі думаныңның ішінде
Анамыздың болмағаны – сұмдық қой!
Аруына баламай бар жер – көктің,
Сені анам да күткен талай қырды асып.
Достарды ертіп келу үшін мен кеттім!
Біз келгенше отырыңдар сырласып.
Достар келді.
Суша шарап сапырам.
Мені әлі де тұр ғой күтіп жол – ана.
Әлемдегі әйелдерді шақырам!
Әйелдерсіз әсем думан бола ма?!
Дарымаған тәніне от, оқ әрі –
Жігіттер де келіп, шықсын жоғары.
Жер бетінде той түгілі, жаным-ау,
Еркектерсіз соғыс та өткен жоқ әлі!
Біздің үйде өткен тойдың дүбірі
Жетер елге шықпаса да Күн әлі.
Мына әлемнен қасіретің түгілі,
Шаттығын да жасырғандар – күнәлі!
Сені күтем.
Сені күтем алаңдап,
Біздің үйде ғана сөнбей жанған нұр.
Шырт ұйқыда жатқан кезде адамзат
Бөлмеме осы кіріп келіп таң қалдыр!
Құстар келді.
Қыстар келді.
Күндер келді.
Түндер келді.
Тағы да – құстар...
Тағы да – қыстар...
Тағы да – күндер...
Тағы да – түндер...





Пікір жазу