20.08.2022
  121


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

БАЛЫҚТАР ТРАГЕДИЯСЫ

Бүгін бір ғажап күн екен,
Не деген ғажап сырлы әнің:
Күн астында Күнекей
Қыз жайлы аңыз жырладың!
...Көкжиек.
Шаңқан өр теңіз
Әкелген айдап кім мұнда!
Отырмыз Шайтанкөлде біз
Сөз беріп Муза – бұлбұлға.
Шайтанкөл жатыр –
Құрлықтың
Дидарындағы таң-шырай;
Сұлушаш деген Мұңлықтың
Көзінен тамған тамшыдай...
Шайтанкөл жатыр еркелеп,
Еркелеп самал еседі.
Бір кезде... осы өлкеде
Топан су болған деседі...
Топан су!
Тұнбай – селдеген!
Қиялға бір сәт ерік бер:
Өмірге онда келмеген
Темірхандар мен Серіктер...
Мұхит-тын осы өңірде,
Таң қалған тақсыр таңдар да,
Серіктер түгіл,
Өмірде
Жоқ еді Ақсұңқарлар да!
Тірі жан жоқ-ты расында,
Саф таза еді ауа да;
Алланың жүрген қасында
Адам Ата мен Хауа Ана,
Таянып жерге қашқан Күн,
Еріген Мұз-тас Әлемі;
Астында ақзер аспанның
Балықтар ғана бар еді.
Ғаламат Дүние дір етіп,
Өзгерген мұрат, зәуірі;
Мұз дәуірінің күні өтіп,
Басталған Судың дәуірі.
Ауысып күн мен түн өңкей,
Естіген селдің отты үнін,
Күн астындағы Күнекей
Қыз жайлы жыр да жоқ-тұғын!
Күндейтін бәрін, жүндейтін
Жоқ алтын... ақша, пірі бір;
Басқаны мүлде білмеймін
Балықтар патшалығы – бұл!
Балықтар жимай, ал, есін
Бақытқа –
Жүзіп кенелер,
Жоқ еді алған зәресін
Катерлер менен кемелер!
Бомбалар толы қарында,
Кесапат кәрі мол, кезбе –
Сүңгуір қайықтарың да
Жоқ еді суда ол кезде.
Ғажайып сиқыр шабыт бар
Тәнінде.
Жұмақ – Жер төсі.
Жүретін шоршып балықтар –
Тәңірдің жалғыз еркесі!
Көңілде – көктем, көңірсір,
Рақат жырға – мол жаны.
Су патшалығы өмір сүр –
Жүзуді білсең болғаны!
Аспанда жүзген тарлан Күн,
Қызықтап шуыл, қылығын;
Шартарабына жалғанның
Шашатын уылдырығын...
Балықтар сонда,
Құлыным,
Білмеген еді,
Масқара –
Біреулер маржан ұрығын
Айналдыратынын ақшаға...
Бір күні:
Ғаламат Дүние шыр етіп,
Өзгеріп мұрат, зәуірі, –
Су дәуірінің күні өтіп,
Құрлықтың туды дәуірі!
Сондағы оның ойраны-ай!
Тұл – аспан... Ажал – зар әні:
Ойбай-ай!
Ойбай!
Ойбай-ай!
Дүние... не боп барады?!
Не дауа мына сұмдыққа?
Кеудесі толы – шерлі кек,
Балықтар жатты Құрлықта
Желбезектері желбіреп!!!
Бәрі де кекті! Ашулы!
Жоқ шығар мұндай еш апат:
Көзіне оттай басылды
«Топырақ!» – деген кесапат!
Қаннен-қаперсіз өз басы
Жүр еді кеше бабында.
Жазықсыз ағып көз жасы
Табытқа кірер шағында –
Қарады көкке:
О бастан
Көп құпиясын жасырған –
Көк Мұхит сынды көк аспан
Көзіне оттай басылған!
Балықтар жатты...
Қайғырған,
Шерленген,
Тағдыр – мазағы!
Жер – Анасынан айрылған
Адамдар сынды азалы!
...Сол уақыт – аңыз.
Аңызда
Шындық бар, қалқам, артын ұқ.
Сонан да кейін қаншама
Мұхиттар кетті тартылып...
Топан су!
Солай селдеген!
Қиялға бір сәт ерік бер:
Өмірге онда келмеген
Темірхандар мен Серіктер.
Мұхиттың ұлы шебінде
Сел қайталаған отты үнін,
Хиросима жайлы менің де
Өлеңім туған жоқ-тұғын...
...Шайтанкөл жатыр еркелеп,
Еркелеп самал еседі.
Бір кезде осы өлкеде
Топан су болған деседі..





Пікір жазу