АҚЖАРЫҚТЫҢ АҢЫЗЫ
Арақ ішсе-ақ айқасатын кірпігі,
Ұмыт бола қоймаған көп зіркілі, –
Біздің Мұқаң... қырық жаста молда боп,
Ақжарыққа жетіп келді бір күні!
– Уа, мынау сол Мұқаң ба кешегі,
«Бісміллә!» – деп ұстайды кесені!
Шариғаттан уағыз айтса, ауданның
Бар молдасы бас шұлғыпты деседі!
Қара мұрты түсетіндей жағынан –
Құлан құсап жеріп кеткен қағынан –
Шарап ішкен құрдастарын: – Найсап! – деп
Тырқыратып қуған, – дейді маңынан!
Арақ көрсе ұстайды да сайтаны:
– Әкет! – дейді... – пәлекетті! Тәйт, әрі!
Ақжарық боп сонда басын шайқады...
– Бәрімізді сақтады деп қатерден
Горбачевке рахметін айтады,
О, Ақжарық! Сенің еңсең асқақ, ә,
Ақын тудың тіл бітірген тасқа да.
Батыр тудың! – деп қайтейін мадақтап,
Ақын да бар, батыр да бар – басқа да...
О, Ақжарық! Сыншы ел өзі-ақ топшылар,
Дауласпайын, сөзден өрт боп от шығар.
Мұсылманға, берген Мұқаң молданы,
Дәл өзіндей ауыл-аймақ жоқ шығар!!!