ТҮС ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Шаршатады мазасы жоқ күн бізді,
Қажып әбден қаракеттен күндізгі –
Қалғып кетсек қара түнді жамылып,
Қиялымыз кетер кезіп жұлдызды.
Қиялы жоқ ой салтанат құрып па?
Түс көресің ояу жүріп...Тұрып та.
Өткен өмір, Болашақта – түсіңде,
Түс болмаса күш бола ма Рухта!
Алмасқанда зауал шақ пен ізгі шақ,
Кетеді-ау бір миыңа өшпес ізді сап.
Өлілер де түс көреді.
Көргенін –
Өңінде айтып бермесе де біз құсап.
Аң-таң қалып өткенді еске түсіре,
Түсінде Адам мінер қаһар – күшіне.
Еңіреген ұл-қыз ғана кіреді
Еңлігің мен Кебегіңнің түсіне.
Не істемедік ессіз зұлмат күшке еріп,
Еске түссе – көзден мұз – жас түсті еріп.
Бір қырқада кіндігімнен қан тамған
Махамбеттің басы жатыр – түс көріп!
Таң қалатын таңсық зат па сол-дағы?
Жаһан миы сансыз түсті толғады.
Хиросима – күл боп кеткен Жер шарын
Көреді ылғи – көз ілінсе болғаны!
Тамам болып кетер ме екен тамам зат?!
Түссіз ғұмыр – маған да елес, саған – жат.
Сен түсіңде осы кімді көресің?
Мен түсімде Сені көрем, адамзат!