ӘКЕ
Келші, әке...
Рух болып қайтып кел,
Рауанға ертегіңді айтып бер.
Ертегіге ұқсайтұғын ертеңі –
Немерең де ұлың сынды ерке еді.
Асыр салды ер жетуге бет алып,
Атасынан естіместен ертегі.
Қара дию қаһарымен қаусырып...
Мыстан кемпір дейтін зұлмат жау шығып...
Ақшам түссе Рауаннан қорқамын
Айтатұғын аңыздарым таусылып.
Кел, көрінші немереңнің көзіне,
Тәнті қылып көнелердің сөзіне.
Сақтап жүрген бір ертегім бар еді,
Оны бірақ, айтам, әке, өзіңе.
Тақ теңселіп, қайтқан кезде бағы кеп,
Сұмырай мен сұмдарға айтып лағынет –
Дат елінің бір королі өлгенде
Соңындағы қалған тұяқ Гамлет –
Әкені ажал әкеткен соң ғайыпқа ап,
Тарпаң біреу таққа қонып байып қап –
Дүниеден баз кешіпті деседі –
Ажалды да, заманды да айыптап...
Өзі ие бола алмай қап өзіне,
Торға түскен арыстандай сезіне –
Қайда жүрсе қайран марқұм әкесі,
Әруақ боп елестепті көзіне.
Қайран, әке!
Таппай тыным, миятты,
Менің дағы көкірегімнен күй ақты.
Елесіңнен құтыла алмай қойдым-ау,
Естен танған сол Гамлет сияқты!
Жарық дүние – жалғандық бар ғұрпында –
Ұлысына болар дейтін ұл тұлға,
Сүлейменнен туып еді тоғыз ұл,
Бәрі көшіп... өзің қалдың жұртында.
Жазмышы жалғыздықты сый қылған,
Кейуана едің – кеудесіне күй тұнған.
Ұзақ уақыт мен де жаттым құрсақта
Ояна алмай балдай тәтті ұйқымнан.
Көзін ашып көкірегімнен бір тұма,
Ер жеткенде ұлар шыңға ұмтыла –
Көктен жұлдыз ақты-дағы – сен де ақтың
Мені тастап Сүлейменнің жұртына.
Сонда өлшедім – жазылмайтын жарасы.
Фәниің мен бақиыңның арасын.
Көк жұлдызы көкжиекке сіңді ағып,
Ал сен ше?
Сен... қайда ағып барасың?!
Сені іздедім көкжиектен астым да,
Болмасаң да патша, король, һас тұлға.
Сүлейменнен туған сол бір тоғыз ұл,
Жатыр ұйықтап қара жердің астында.
Мәңгілікке кетеріңде көз іле,
Сырлас таппай, мұңдас таппай өзіңе, –
Сүлейменнен туған сол бір тоғыз ұл
Елестеген шығар сенің көзіңе?
Өлім келіп өксік салған, жаным-ай,
Маған қарап күрсіне ме налып Ай?
Болмаған соң мен – Гамлет, сен – Король
Сүлейменді қалды ма ешкім танымай?!
Жарық дүние Күнге ғашық, жарқылға,
Айтыңдаршы, жер қойыны салқын ба?
Сүлейменнен тумағандай тоғыз ұл,
Қызыларай – бәз-баяғы қалпында.