20.08.2022
  97


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Жұмбағы көп тірліктің.

Жұмбағы көп тірліктің.
Шешесің бе?
Белуардан жүресің кешесің де.
Қанша адамның көз жасы қалып қойды
Тағдыр деген Өмірдің кесесінде?
Көп нәрсе бар кететін миға сыймай,
Буырқанған мұхиттай бұл ғасырда.
Өмір деген Кітапта қалып қойды –
«Өлім» деген атпенен Хиросима!
Қараса егер тіп-тіке кім өмірге,
Сол байқайды азалы түр, өңін де.
Жазылмайтын жара боп Хатынь қалды
Тарих деген Әкенің жүрегінде?
Мәңгі шаттық – өлеңнің парқы осында! –
Деп көп әлі езетін малтасын да.
Бухенвальдтай мүгедек баласы бар –
Уақыт деген Ананың арқасында!
Көп көз жасы...
Ол қашан болар ұмыт?
Болар ұмыт!
Көңілге толар үміт:
Өлім жайлы Өлеңнің өзін сонсоң,
Жазу керек Өмірге Ода қылып!





Пікір жазу