Ұйқыға кеттің.
Ұйқыға кеттің.
Масқара:
Қиялға шомған баладай
Почташы әкеп тастаған
Хатыма-дағы қарамай.
Ұйқыға кеттің!
Ал, мұнда,
Мен тұрмын сап боп төзімнен.
Ұрланып кіріп бардым да
Бір сүйіп алдым көзіңнен!
«Несіне жүрсің зар қағып? –
Деді бір дауыс... сандалып –
Арзан арманға арбалып,
Елесті жүрсің малданып!
Лайық па құрмет, сыйыңа
Өлшеп пе ең сана – өресін?
Кіріп бар сүңгіп миына
Көзіңмен бәрін көресің!»
Адам ба түскен аспаннан,
Қасыма түнде жеткен кім?
Елес боп сонда... сасқаннан
Миыңа сүңгіп кеткенмін.
Шаттыққа толы күлкісі,
Армансыз құшқан асылды,
Бір еркек... бөлек түр-түсі
Көзіме оттай басылды!
Сүйдің сен оны тебіреніп,
Сүйдің сен оны еміреніп!
Аспаның да – бұлт! Жер де – бұлт.
Тұрдым мен сорлы!
Сенделіп...
Төлеген құсап күңіренді
Мойнына сол сұм асылып!?
Сонымен болған күндерді
Жүріпсің менен жасырып!
Сонымен бірге жыраққа
Аттандың азап кештің де.
«Осының бәрін бірақ та
Айтпаймын дедің ешкімге!»
Айтпадың тірі адамға!
«Күнәңді, жаным, кеш!» – деме.
Сол еркек жайлы... маған да
Айтпапсың, тіпті, ештеңе?
Мен тұрдым... тұнған мол көзде
Бола алмай ие жасыма.
Сен шошып кеттің!
Сол кезде
Мен жата қалдым қасыңа...
Өзіңнен өзің бүлініп,
Түн ортасында шам жағып, –
Қарадың маған үңіліп,
Қарадың маған таңданып.
Мендегі асқақ рухқа
Шырқырап жаның ілікті.
Аядың!
Аяп тұрып та
Аңсадың әлгі жігітті!
Аңсадың!
Кесіп айта алам!
Мен құсап азап шеккен кім?
Миыңнан шығып қайтадан
Аспанға ұшып кеткенмін...