20.08.2022
  94


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Ғалия, жаным, аяулы Періштем едің.

Ғалия, жаным, аяулы Періштем едің.
Серікке – серік болуға келіскен едің.
Бейіш дер едім өзіңмен өткен өмірді,
Періштем едің кездескен бейіште менің.
Ғалия, жаным, аяулы Періштем едің.
Он сегіздегі мазасыз кезімдей шынар,
Кез келді-ау маған дөңбекшіп көз ілмей шығар.
Алатау жақта туғаның болмаса, жаным,
Көкшетаудағы Ғалия өзіңдей шығар?
Ойларым мені барады тығырыққа алып:
Жүрсің бе менен бір жерде тығылып, талып –
Кездесіп менен басқа бір Балуан Шолақ
Махаббат деген күресте жығылып қалып?!
Ғалия Ару, қайтейін, дір етер жаным...
Жаныңды сенің жаулаған кім екен жалын?
Махаббат деген күресте жығылған болсаң –
Балуан Шолақ әлі де тірі екен, жаным!





Пікір жазу