20.08.2022
  117


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Қап-қара түн...

Қап-қара түн...
Зілмауыр қап-қара түн.
Зауал шақ қой мәңгі есте сақталатын.
Аяр сезім арбады тұл бойыңды,
Аялдатпай уақытқа – ақталатын.
Қап-қара түн.
Құмар сәт боп елестеп күнә мына,
Жаттың жауап таба алмай сұрағыңа.
Қара түндей қатыгез қара кісі
Сайтан құсап сыбырлап құлағыңа.
Әзәзілдің дидарын көріп-танып,
Жаттың үнсіз талықсып өліп-талып,
Көзің алды қап-қара, қара түнек,
Жарық дүние жалп етіп сөніп қалып!
Тілсіз үрей басынып бар алапты,
Ләззат пенен сұмдықты саралатты.
Арбап алған тәніңді қара жылан
Пәк тәніңе өрмелеп бара жатты...
...Алаң оймен оянып ала таңда,
Жаттың ұқсап жазықсыз балапанға.
Қара жылан шаққан сол қара түнде
Ақ тәніңде қап қойды – қара таңба.





Пікір жазу