КЕКТІ БАЛА
Берік Көпбаевқа
Пушкин десе жанарың лапылдайды,
Тұла бойға тоғысып ақыл, қайғы.
Сендер барда сенем мен, мына өмірде
Сұлулыққа қарсы оқ атылмайды!
Пушкин десе жанарың лапылдайды.
Есенинді айтасың еміреніп,
Хиросима қақында тебіреніп.
Сен оларды тапқалы,
Дүниенің
Қайғы-мұңы тауыпты – Сені келіп!
Еміреніп сөйлейсің, тебіреніп.
Заулап ғасыр өтсе де, ұшып көп күн,
Жүрегіңе жасыны түсіп көктің –
Еске түссе Лермонтов, қанат байлап,
Кавказ жаққа келеді ұшып кеткің!
Жүрегіңе жасыны түсіп көктің.
Қойшы... Айта бермеші... Жетті, бала!
Көз жасыңды көшіріп кеттім ала.
Балаларды сүйемін – пәк! Дегенмен
Сені ерекше сүйемін, кекті бала!
Қойшы... Айта бермеші... Жетті, бала!
Ал, ағаңды теңеме наркескенге,
Менен өткен шерлі жоқ зар кешкенде.
Мен бір – оқпын, құлыным... Пушкиндердің
Тимей кеткен оғымын – Дантестерге!
Менен шерлі адам жоқ зар кешкенде...