20.08.2022
  145


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

СОЗАҚ КӨТЕРІЛІСІ

Тілеубай Әзімбайұлына
Созақтай ел бар ма екен паң даламда,
Күллі Алаш сондай болса – сандалам ба?!
Бетіне Сталиннің сол түкірген,
Белдеуде аша тұяқ қалмағанда.
Бұлдырап жұртың қалған жол артында,
Өңшең ер – ел жұртына болар тұлға –
Қан кешіп Қадыр – Қалман қашқан кезде,
Әзімбай әкең сенің – он алтыда.
Егіліп ел, еңіреп Сыр жылап тұр,
Памирдің шатқалында құлдырап бір, –
Қоңырат жұрты көшті, Сартай қажы
Моласы көз ұшында бұлдырап тұр.
Қазақтың хабар айтпай құсы келіп,
Жат жерде –
Шөлде кеуіп, ұшып – өліп –
Қаншама бауыр қалды баудай түсіп,
Қажының сол моласы түсіне еніп?
Туғаннан жанталасып жарыққа ердің,
Сазына сағыныштың салып келдің.
Сол көштен қалған күллі зәузатыңды,
Көшіріп Алашыңа алып келдің!
Ақыры түгенделіп жаны, малы,
Алашың аймақ болды арыналы.
Марқайдың Созағыңа жұртыңды әкеп,
Сартайдың ырза Саған әруағы...





Пікір жазу