20.08.2022
  96


Автор: Өріс Яшүкірқызы

ӨРТЕНУГЕ ӨЛЕҢ ШЫДАР

Неге бұлай жанымды жараладың,
Неге бұлай басқаша бағаладың
“Басқаға өлең арнаған жоқсың ба?”-деп,
Сұрақ қойдың. Біртүрлі қарағаның.
Содан кейін ой сүңгіп араладым,
Түсінгім кеп сұрақтың жорамалын.
Мұндай сұрақ қойылар сол бір жанға
Тастап кеткен біреуге орамалын.
Мен қайтемін ақталып. Ақталмаймын.
Біреу солай деді-ау деп дақтанбаймын.
Ақты қара деу қазір қиын ба еді.
Көпті ғой дұшпанның. Мақтанбаймын.
Мені көп қой сыртымнан зерттегендер,
Жетемін деп ойлаған жетпегендер.
Маған қалай жұмсасын қылыш, оқты
Алынады сөзбен де кек дегендер.
Сен туралы мен де көп білем шығар,
Сұрақ қоймай бірақ та жүргем шығар.
Сөзге өртеніп кеткен соң өлең жаздым,
Өртенуге өзектен өлең шыдар...





Пікір жазу