20.08.2022
128
ЕРКЕЛЕТ СЕН
Сен еркелетсең –
Мойныңа асылғым,
Кеудеңе жұпар боп шашылғым,
Еліттіріп өзіңді
Гүл қауызындай ашылғым келеді.
Сен аймаласаң –
Аймалап мен де жанғым,
Есіңді әбден алғым,
Өзіңмен бірге,
Есімнен танғым келеді.
Сен құшсаң –
Мен де сені құшқым,
Ақ көбелектей ұшқым,
Арасында өң мен түстің
Отқа түскім келеді.
Сен сүйсең –
Мен де сені сүйгім,
Жүрекке сәуле түйгім
Әуенімен әдемі күйдің
Бір жанып, күйгім келеді.
Аяулым,
Еркелет сен,
Шыдамасын сынғандай сына төзім,
Дүр сілкінсін дірілдеп мына сезім.
Осы рас па, кеудемнің дүрсілінен
Сұрашы өзің...