20.08.2022
  75


Автор: Өріс Яшүкірқызы

БАСҚАН ІЗДІ КҮЛ ҚЫЛДЫҚ

Мұны ешкімге айта алмайсың сыр ғып та
Қақ бөліндік шыныдай боп сындық та,
Сен де мені,
Мен де сені сүймеппіз
Көз жеткіздік мойындайтын шындыққа.
Көңілдерді баспағанда тот әлі,
Сен де, мен де болып жүрдік опалы,
Талай жылдар ішімізде көмілген
Сырымыздың ашылғаны батады.
Екеуміз де жасырыппыз шындықты,
Сынасқандай жалғандыққа кім мықты?
Бүгін мынау шегі жетіп шыдамның
Быт-шыт еттік қызығы жоқ тірлікті.
Ар ұстаған қойған едік намысты,
Қос иықтан қонақтаған бақ ұшты.
Менің жаным періштемен қауышса
Сенің жаның әзәзілмен табысты.
Айта алмаймыз мұны ешкімге сыр ғып біз,
Сен де өзіңше,
Мен де өзімше мұңлықпыз.
Жүрген жолдың қалмасын деп белгісі
Тынышталдық.
Басқан ізді күл қып біз.





Пікір жазу