20.08.2022
  87


Автор: Өріс Яшүкірқызы

БҰРЫН СЕНІ КІМ САТТЫ?

Сөйлесуден, тілдесуден қашқаның,
Биіктіктен емес шығар аспаның,
Абайсызда орға жығып жүрер деп,
Ойлаңқырап кеттің білем бас қамын.
“Сіз”-“біз” – десіп сыйласудан тыйылдың,
Көптігінен емес шығар сыйыңның.
Бөлісуден сырттанғаның шығар ол,
Туа қалса басыма кеп қиын күн.
Түзу сәлем беруге де сескендің,
Кереметі емес шығар өскеннің,
Дос көңілге теріс ұғым туды да,
Шегі болар ала жіпті кескеннің.
Ең соңында танудан да қалғаның,
Артығынан емес шығар талғамың.
Адамдықтан алалау ма деп қалам
Бұдан әрі жете қоймас болжамым.
Неге сонша түсінбеймін сақтандың,
Буы ма әлде қолпаш пенен мақтанның,
Адалдыққа сенімсіздеу қарайтын,
Айтшы өзің, бұрын сені сатқан кім?





Пікір жазу