20.08.2022
  158


Автор: Өріс Яшүкірқызы

БЕЙЖІҢДІ БАҒЫНДЫРҒАН БАТЫРЛАР

Бастасам сөзді жасқанбай,
Бұлағы жырдың тасқандай,
Батырларға Бейжіңде
Тілекші Күн мен аспанда Ай.
Тілекші болды Елбасы,
Батасын берген жолбасы,
Деп тіледі Елім де:
" Е, Құдайым, қолдашы".
Бейжіңде елден ат қонды,
Тілегі елдің ақ болды.
Көк байрақ туым желбіреп
Еліме біздің бақ қонды.
Тереңнен ойлап толғанып,
Зілтемірді қолға алып,
Илья Илин тұңғыш боп,
Алтынды шықты жолға алып.
Танытты жігіт ептісін,
Сүйсіндіріп көпті шын,
223 келі көтеріп
Жұмсады Илья көп күшін.
Алғашқы елдің алтыны,
Жанарда мыңның жарқылы,
"Жаса Илья!" Илин деп
Дауыстың шықты саңқылы.
Қыздырып дода көрігін,
Шаршыға түсті Ер ұлым,
Екінші алтын алғанда
Көкке ұшты бастан бөрігім.
Алтынды Алқа санатқан,
Әлемді түгел қаратқан,
Сәрсекбаев Бақыт бұл
Тағдырым Ер ғып жаратқан.
Қарсылас болып кубалық.
Жанымыз күйіп туладық,
Боксердан көзді алмастан
"Бас, Бақыт!" деп шуладық.
Елімнің ән-ұраны,
Құлаққа тұнып тұр әлі,
Бейжіңде Бақыт жеңгенде
Ағылды жырдың бұлағы.
Кеуделерге қарасақ,
Жарқырап Алқа жарасад,
Илья, Бақыт аман бол
Көп болсын жеңіс болашақ.
Маржаннан сөзді терейік
Күмістерге келейік,
Қоржынға күміс түскенде
Жан дүние қалды кеңейіп.
Дзюдоның болып дарасы.
Қазақтың шықты баласы,
Күмістен таққан Алқаны
Асхат Житкеевке қарашы.
Бүлкілдеп қаны тамырдан,
Тәсілден жоқ жаңылған,
Алақан соқтық Асхатқа
Күмістен алқа тағынған.
Қаққызған талай таңдайды,
Ирина Некрасова қандай-ды.
Ауыр атлеттен алдына
Ешкімге жол салмайды.
Гүл сияқты тас жарған,
Бұл сайыста бас болған,
Мен күштімін дегендер
Ирина қыздан жасқанған.
Қосақтай түсіп зіліңді
Көрсеткен тәсіл білімді,
Ару қыз Алла Важенинаның
Жеңісі болды сіңімді.
Еркін күрес қандай-ды,
Қаққызған талай таңдайды.
Тигиев Таймуразым да
Жарқыратты маңдайды.
Таймұраз саңлақ мақтанар,
Басында биік бақ та бар,
Күміске қосқан күмісін
Демейміз енді тоқталар.
Әйел күрестен кемеңгер,
Шалыгинаға ел елеңдер,
Қимылын көрсең сайыста
Өрбиді өзі өлеңдер.
Қарсымен күш тең ала,
Алаңға шықты Елена,
Қимылын қыздың көргенде
Жең алады дедік жең ала.
Грек– римдік күрестен,
Соңғыға дейін тірескен,
Нұрбақыт пен Әсет те
Бос қалмады үлестен.
Арқаны түгел терлетіп,
Теңізбаев пен Мамбетов,
Күш сынасты күштімен
Қоланы алды ерлетіп.
Болғанда есімі жария,
Риза боп жас пен қария,
Жарайсың деп соқты қол
Грабовецкая Мария!
Сынаққа түсті әр-алуан,
Темірден саусақ нәр алған,
Зіл темірді көтерді-ау
Намыстан жаны жаралған.
Тактикасын тас қылып,
Көрсетпестен бос қылық,
Муталимов Марид те
Еркін күрестен тосты үміт.
Үміті оның ақталды,
Күміске жетпей шақ қалды.
Қола беріп қазылар
Шын еңбегі мақталды.
Жаны сүйіп боксты,
Ұпай жинап толысты.
Еркебұлан да олимпте
Мықтылармен тоғысты.
Болу қиын шын батыр,
Әр қимылың сында тұр.
Шынәлиевке сенім көп,
Боласың әлі шын батыр.
Арманды айтсақ Шылманов,
Таеквонда тұлға нық.
Бар өнермен танылды
Мінезімен бір қалып.
Тілектер айтсақ Арманға
Қолаға дейміз арланба,
Табанды болсаң спортқа
Жеңістер көп тарланға.
Жазылған жырды мақұлдар,
Бейжіңде жеңген батырлар,
Жеңістеріңе қуанған
Сіздермен бірге ақындар.
Дарабоздарым, тарланым,
Намысты болсын, Ар- жаның,
XXX-шы олимпиадада
Жазармын тағы қалғанын.





Пікір жазу