20.08.2022
  134


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Таза дос

Еті тірі жасынан,
Бақ дәулеті тасыған,
Бір қария
Қарттық келген шағында,
Көзін тігіп қиырдағы сағымға,
Қасына ұлын шақырып
Бүй депті:
- Ей, ұлым!
Шын досың сенің барма сенетұғын ,
Соңыңа қиындықта еретұғын,
Басыңа іс түскенде жан пида ғып,
Жәрдемін қиналмастан беретұғын?
Шын досың бар ма сенің қорған болар,
Жау шапса жасыруға орман болар,
Жігітке сенімді дос кез келмесе,
Өмірі сүріп жүрген жалған болар.
Шын досың бар ма сенің панаң болар,
Басыңа іс түскенде сағаң болар,
Адассаң ақыл айтып, пұл сұрамай,
Көмегін бере ала ма табанда олар?
Көңліңе жақсы- жаман түйдің, балам,
Мен бар да той - думанды сүйдің, балам,
Асқар тау арқа сүйер мен кетермін,
Тірегі енді сенсің үйдің, балам,
Құралар малдың басы иесімен,
Алдыңда мың –мың жылқы, түйесімен,
Мен кетсем бұ дүниеден көшім ауып,
Сақтарсың сол дәулетті киесімен.
Жиналып ұл болмайды бар қыз бүгін,
Қоса алмас жеті руды балдыздығың.
Құдайдан сұрап алған тұяғым ең,
Жаныма батып отыр жалғыздығың.
Дос болса жалғыздығың байқалмайды,
Басымнан өткеннен соң айтам жәйді.
Қиын-қыстау кезеңде досың демер
Көмекке қолың созсаң қайтармайды.
Шын досың бар ма, балам, көрейін мен,
Батамды досың болса берейін мен,
Артыма өкінішен қарап кетпей,
Алдыңда алаңсыз боп өлейін мен.
Көрейін сол досыңның шырайын мен,
Орнымнан жата бермей тұрайын мен.
Додасын бұл өмірдің бастан кешкем,
Досыңды жақсы кезде сынайын мен... - Әкежан, бұл сұрақты неге бердің,
Жүзден көп менің досым сене бергін.
Ана ауыл, мына ауылда толып жатыр,
Менімен еріп кәне, көре бергін.
Дос үшін баса қоймас маңдайды тер,
Біз барсақ құшақ жайып хандай күтер,
Сауықшыл және өздері көңілі ашық
Бір таңға ән айтқызса таңдай бітер,
Аялдап әрбіріне кішкене біз,
Жан әке,- деп ойлаймын түстенеміз,
Қадірлеп қонақасы берген кезде,
Сынаққа ап теріс қылық істемеңіз... - деді Ұлы жарқын жүзбен масаттанып,
атшыға: “Тез жет
–деді,
- қос атты алып”
Ұзамай Ұл мен Әке атқа отырды
Ер-тұрман үкіленіп, шашақталып.
Қария елден шыға көкжалдайын,
Сапардың ұғындырды көп мән
-жәйін.
Сен қоштап: “Бас изей бер”
- деді Ұлына-
ал өзім келістірем, сөз жағдайын. - Ассалаума - ғалейкум, аманбысың,
Шырағым, Шәкір деген баламбысың,
Артта жау, қуғындаған жақын қалды,
Үйіңе кіргізуге жарармысың.
Атақты Пәленше жау салып ылаң,
Дау шықты бір сұлудың қалыңынан.
Басқа
-бас, жанға
-жан боп қан төгіліп,
Айрылдық бүкіл малдың табынынан.
Дәл қазір керек емес аяқ, асың,
Жау артта, біліп тұрмын аямасын,
Досыңды қорға, қарғам, менен бұрын
Ара түс қуғыншыға таяғасын.
Баланың досы екенсің, қалқам Шәкір,
Көмекке тым болмаса адам шақыр.
Апыр
-ай, жау шапқанда астан
-кестен,
Бір күнде бола келдік бір
-ақ пақыр.
Мал да жоқ, байлық та жоқ сау басымыз,
Дұшпанның қуғындағы сауғасымыз.
Досыңда көрге тірі көмдірмесең,
Білекпен білектесіп жауласыңыз..-
Баламның бауырындай жуық болдың,
Бауындай жақын едің тұлып тонның,
Айналайын, араша түспесең сен,
Шеңгелінде кетеміз суық қолдың. -Немесе, - деп қария кемсеңдеді,
Жау қайтар, 2
-3 үйір берсең деді.
Қарағым, жалғызыма араша түс,
Баламның қиындықта Сен
- сенгені...
...Мұнан әрі Шәкірде жетпей төзім,
Туралады екеуге оқты көзін: - Кәнекей, жоғалыңдар, бұл арадан,-
деп бірден қарияның бөлді сөзін-
жөні бар деп тұрмысың атысқанның,
Біреу үшін біреудің шатысқанның
Балаңмен төс қағысып дос болғам жоқ,
Бар-жоғы екі-үш рет қатысқанмын.
Басым жоқ араласар мұндай дауға.
Араша тұра алмаймын келер жауға.
2-3 үйір сұрайтын жұт па едіңдер,
Жоғалыңдар, бұл жерден басың сауда...
Шал көрді қасындағы Ұлдың түрін
Көзінен көз қалмапты еткен күлім.
Әкесіне кеттік деп ым жасады,
Досының білгеннен соң ішкі сырын.
***
...Көп күндер кеш боп талай, таң боп атты,
Қос тұлпар талай елден шаң боратты,
Қария жалықпастан сынап көрген,
Достары шықпай сыннан жер қаратты.
Қалмады дәм-тұз елден татпаған жер,
Баласы досым бар деп мақтаған жер.
Бәрі де “Жау” дегеннен зәре қалмай,
Көмекке ұмтылмады тоқтаған жер.
Бір күні Ұлы тоқтап: “Көке”- деді.
“Ауылға жол салайық төте- деді.
Қайтайық. Достарымнан көңіл қалды
Жасаған жақсылықты өтемеді”.
Бірінің қорғап едім қарындасын,
Бірінің жасырып ем барымтасын,
Біріне мал, жайлаудан бөліп бердім,
Жерінен айрылғасын, тарылғасын.
Көбінің төлеп едім көп қарызын,
Деуші еді: “Ұмытпаймыз дос парызын”
Жан көке, алдыңызда жер болдым ғой,
Досым деп бекер екен басқан ізім.
Жүрегім жолдас-досқа қардай еді,
Шыққанда үйден көңілім дардай еді.
Әкежан, менен досты таба алмадың,
Өзіңнің досың бар ма, қандай еді?
деп қатарлай баласы тақым қақты,
Атын да әке атына жақындатты,
Әкесі Ұлына көз салып ед,
Алаулап жігіт жүзі лапылдапты.
Бұл сұрақ қарияның күткені еді,
Естілді көкіректен “УҺ!..” дегені.
Бұл сапар нәтижесін дұрыс берді
Қатайтып, дос тамырын түптегені.


- Ей, балам, өзіңнен сыр бүкпеп едім,
Сауалды бұл қойылар күткен едім.
Олай болса ауылға қайттық қайта,
Сапардың бірақ түсін бітпегенін.
Салайық алдымызға қырық жылқы
(Жылқышыға таңдатқыз сұлу тұрқын)
Періште алтын көрсе жолдан таяр,
Бұл жылқылар алады көздің құрты.
Сен де көр достарымды батыл сынап,
Көрейін бұл жолға да ақыры шыдап,
Деді де айтар сөзді пысықтады,
Ұлы да алды біраз ақыл сұрап.
Түсінсең бұл өмірдің қатпарларын,
Достан да дұшпаныңдай сақтан, жаным.
Бар жоғы мына әкең де бір жарым дос
Алдыңда санын айтып мақтанбадым.


Бір достың Халық деген ныспысы бар,
Мен десе қанаты жоқ, ұшқысы бар,
Үйіне атымды атап, ит барса да
Төс қағысып оны да құшқысы бар
Ал бірінің есімі Сүгір деген,
Аузынан Алла түспей күбірлеген.
Қонысы мына жақта терістікте,
Өрісінде сансыз мал дүбірлеген.
Досымды дәл мен құсап сынап көргін,
Өтірікті шындай ғып бұрап көргін.
“Қырық жылқы мендегі соңғы тұяқ,
Әкемді де құтқар”
– деп, жылап көргін.
Аузыңа мен айтқандай жауды алғайсың,
Жесірден бітпей қалған дауды алғайсың,
Қырық жылқы құт берген мал басыны,
Жасыра гөр жаудан,
- деп шалды алдайсың.
Бұл жолы сынау сұрақ сенен болсын,
Бас изеу, мақұл көру менен болсын,
Көздеріне ғаріп боп көрінейін,
Естімейтін құлағым керең болсын.
Бұл сөзді ұғып алғын, ұлым
- деді,
Мен білсем арзандамас құным,
- деді
Арадан ала мысық өте алмаған,
Сенімнен шыққан достар бұрын,
-деді.
***
Тұрғанда тас төбеден толысып ай,
Сүгірдің олар жетті қонысына
-ай.
40 жылқы дүбірі елді оятты
Бірінен бірі озып жарысып-ай.
Бір үйге бір үй қонған қатар бәрі,
Үрпиіп түре келді қотандары.
Жау шапты деді ме екен шырт ұйқыда
Қолында әрбірінің атарлары.
Үстінде ақ көйлегі ақ жармалы,
Бұтында көлбіреген ақ дамбалы
“А, құдай не болды? “
-деп Сүгір шықты
Жау басып алғандай
-ақ Ақ орданы.
-Ассалаумағалейкум, бауырларым,
Дүрліктірген біз едік ауыл маңын.
Сүгір қарт бар ма екен ордасында
Білмей тұрмыз біздерді қабылдарын.
Жау шауып елімізді мазалымыз,
Арттан қуып жетердей ажалымыз.
Жасырар қуғыншыдан амал бар ма,
Дұшпаннан көрген жетер азабымыз.
Тұлпарды төрт
-бес үйір айдап келем,
Дұшпанға қалай қолдан байлап берем?
Жел қанат мың
-мың малдан қалған тұяқ
Жасыра тұруды да ойлап келем.
Әкемде қалып тұр ғой байланып тіл,
Сүгірді досым дейтін ойға алып кіл.
Құтқармау, құтқару да қолыңызды
Біздегі тағдыр Сізге байланып тұр... -деді Ұл нағыз қорлық көргендейін,
Нығыздап сөз сөйледі сенгендейін.
Сүгір қарт одан бетер тыпыршыды,
Күбірлеп: “Ойпырым
-ай, мен не дейін”
- Балам
-ай, не айтарға тұрмын сасып
деді Ол:
-келгеннен соң маған қашып
Дұшпаның қаһарлы екен, айналайын
Қанымызды кетпей ме, судай шашып.
Жәйлерің қиын екен дос ұғынар,
Қандай жер тапсам екен жасырынар
Зәті мал
– үйірлерді қойшы тәйірі,
Шұңғыл көп бір қойнауға асырылар.
Көрсемде нар сауданы, мал сауданы
Көрмеппін дәл мұнадай жан сауданы,
Жасырсам, ал сендерді тауып алса,
Қайсымыздан белгісіз қан саулары.
Таң атар, сәлден кейін, тыңда балам,
Қайғыға мен ортақпын сынба, балам,
Әкеңді арқала да тауға тығыл
Бір үңгір бар болатын шыңда, балам
Жауыңды теріс жаққа өткізермін.
Әл жетсе мықтыларға тепкізермін.
Үңгірге жетер болсаң аманмын де,
Соңыңнан азық
- түлік жеткізермін...
Сағынышы жеңді ме көптен бері,
Шыдамның болды ма осы жеткен жері, - Әй, Сүке, Назарыңды аттан түсір, -деді қария, ашты да бет пердені.
Бұдан соңғы жағдайлар белгілі еді,
Бұл дүрмектің мәнісін ел біледі.
“Япыра-ай, ә, кім ойлаған” бұлай десіп
Көп адамның жүрегі елжіреді.
Екі қария екі-үш күн мауқын басты,
Әзілдесті, күлісті қауқылдасты.
Атан түйе, ту бие, қой сойылып
Еске алысты өткенді, жарқын жасты.
Ұл көрді ақсақалдың көсемдігін,
От ауыз, орақ тілді шешендігін,
Ұл мен қарт ертесіне жолға шықты
Сүгір қарт тілеп қалды есендігін..
***
...Аттылар бір ауылға жақындады,
Екеудің ерден талды тақымдары.
Ақ орданың қасында қараша үйлер,
Сырт жақтан иттер бірден апылдады.
Тіл қатты Ұл , үй сыртынан үйреткендей,
Шынымен жауға жанын күйреткендей,
Әкесінің үстінде жартық жамау
Шылбырмен дұшпан жерге сүйреткендей
- Кім бар-ау, отағасы Халық па екен,
Назардың жалғыз Ұлын танып па екен,
Жесірден шыққан даудан, жау көбейіп,
Қуғыншыдан арттағы арып келем.
Аулымызға сөйтіп бір ылаң түсті.
Дұшпанымыз улы екен жылан тісті.
Қарт әкем “Халыққа апар” деген еді,
Жасыра гөр, әкемді тобам күшті.
Айтайын болсадағы мұны да ұят,
Жүз мыңнан 40 жылқы қалған тұяқ.
Ырымнан мал басынан қалған осы
Жасырса жануарлар қайда сияд...
- деген сөз естілгенде қарт Халықтың,
Шыдамы таусылғандай соншалық тым.
Ордадан атқып шығып былай деді:
- Ей, Назар, қайдасың сен, қанша күттім?
Түсіріп Назарды ерден, аттан алды,
Дұшпанын сырттан біраз боқтап алды.
Халыққа әлі сырды ашпайын деп
Ал Назар төмен салды от жанарды.
- Беу досым, қайрат кетіп қалғаны ма,
Өзіңді сақтап қапты Алла мына,
Шабарман, қайдасыңдар қол жинаңдар
Құдайдың біз де көрдік салғанына.
Жауыңмен сені шапқан шайқасайық,
Күшпенен күш сынасып байқасайық.
Досымды өлімші етіп жіберіпті
Білекке білек салып айқасайық.
Ұлға кеп: “Қалқам шырақ, саспа,-деді.
Пейілім таза менің досқа,-деді.
Сендерді жауға беріп қоя алмаймыз
Келсе олар, біз дайынбыз, баста -деді.
Тұяқты келген айдап жасырыңдар,
Көзден тыс, анау қырға асырыңдар.
-деп тағы қосшыларға әмір берді,
тездетіп, жиналыңдар, асығыңдар.
Ортаға шықты елдің батырлары,
Асынған қару-жарақ сатырлады.
Майысқан ат тұяғы тез жиналып
Лезде көк майсаны тақырлады.
Бар жігіт сап түзеді еліндегі,
Сақасы, бозбаласы, өрімдері,
Ел іші біразырақ дүрліксе де
Артта жау қуғын салған көрінбеді...
Сол кезде ақ ордадан шықты Назар,
Түрі жоқ, кешегідей шеккен азар,
Айланың түп себебін түсіндіріп,
“Жау жоқ ед,-деді және,- күткен тажал.
- Ей, Халық, мені кешір тыңда,-деді,
Қанық бол мендегі бір сырға,
-деді.
Сол баяғы күйіңше қалыпсың ғой
Тосыннан төтеп бердің сынға,
-деді.
Мәртебең бүгін сында биіктеді,
Көкке төбем жеткендей тиіп тегі.
“Апырай, әлде қалай болам” демей,
Жұртыңды жұмылдырдың жиып тегі.
Жалғыз Ұл дос деген кім көрсін
-дедім.
Көңілді терең бұған бөлсін,
-дедім.
Қиын
-қыстау әдейі кез жасадым,
Көзі жетсін шын досқа, сенсін
- дедім.
-деп Назар сырын айтып ақтарылды,
Өзінің көңілі босап шаққа тұрды.
Құшағы екі достың айқасқанда
Жігіттер тастап жатты оқ
-қаруды...
***
Жиналып Халықтың да бар ұлдары,
Аста төк дәулетінен тарылмады,
Той жасап, көкпар тартып, бәйгелетті
Жарылып ақ түйенің қарындары.
Ауылға қайтты олар көңілі тасып,
Ұзақ жол көрінбеді тіптен қашық.
Үйірге үйір қосып алдарына
Келеді Ұл мен Әке қатарласып. - Әкетай, Сізге бұл жол жұмыс болды,
Ал маған Адам тану бір іс болды,
Қиындық шын басыма түспей жатып,
“Кім дос ол?”
- танығаным дұрыс болды,
Көргенім
– ғибраты көп, ойда болар,
Өзіме түсінгенім пайда болар.
Неліктен жарты дос деп атадыңыз,
Қайсысы бүтін досың ойға қонар?
-деді Ұл , мәнін сұрап айырманың,
Сынақтың алға тартып пайымдарын.
және де әкесіне алғыс айтты,
деп:
- Әке, мені дұрыс дайындадың.
- Жауапты бұл сауалға мен берейін,
Көрдің ғой достарымды мен не дейін.
Жарты достық жасаған Сүгір әкең
-
Сезбедің, оның арғы сен көмейін.
Мүмкін сені түсінбес жаста,
- деді.
Оның ойы жау келсе басқада еді.
Үйір жылқы дедім ғой көздің құрты
“Тауға тығыл, үңгір бар таста”,-деді.
Жау келсе бас амандық сақтайды рас,
Бел шешіп, шын күресіп жатпайды рас,
“Алдыңа 40 тұлпар салам дейді”
Дұшпандар бұл шешімге тоқтайды рас.
Халық әкең жатпай бірден қорғанып,
Жинап шықты елден жігіт, қолды алып
Атыспаққа, шабыспаққа бекінді
Қару-жарақ, саймандарын қолға алып.
Жау жүрген жер қан екенін біледі,
Басқа
-бас қой, жанға
-жан ғой тірегі.
Сүт пісірім уақыт болмай көрдің ғой
Жігіттердің тез қосылды білегі.
Қаумаласа халық кетер орман боп,
Күш біріксе қамал соғар қорған боп.
Жан беретін жалғыз досым, ол
- Халық
Ақиқаты осы Ұлым, жалған жоқ,-
деп қария, көкжиекке қарады,
Бір әдемі нұр басқандай даланы.
Көлден ұшқан қос шағала жұптасып
Сонау жаққа қанат қағып барады.
Ұл келеді жаңартқандай сананы,
Өзі сенген достарды ойлап баяғы..
Әкесінің өмірлікке үйреткен
Естен шықпас болды мынау сабағы.





Пікір жазу