20.08.2022
  96


Автор: Өріс Яшүкірқызы

ЖЕРГӨГІМ – КӨК МАЙСА

Мен туған күн бір таң екен арайлы,
Кім ол кезде сағат тілін қарайды,
Шыққан кезде анам таңғы сауынға
Туылыппын іңгәлатып маңайды.
Құрсағынан босанғанда анамның
Таңғы шықтан мен бойыма нәр алдым,
Жердің иісі тұңғыш жұтқан ауам боп
Жергөк болған көк майсаға оралдым.
Күтпеген соң табан асты толғақты,
Кіндік кесер пышақ сол сәт болмапты,
Балтаменен кесіліпті кіндігім
Шаш бауменен кіндігімді байлапты.
Сол күні жұрт босап барлық тірліктен,
Шілдехана тойын жасап дүрліккен,
Мамыр айда киіз үйге от жағып,
Бір жылылық нұр тарапты түңліктен.
Салтанат пен сән келіпті жайлауға,
Жұрт бетке апты біздің үйге тойлауға,
Береке кеп жерошақтың басына
Қазан толы ет қойылған қайнауға.
Бір-бірінен сүйінші алып таласып,
Абысындар ас пісірген жарасып,
Анамды да қуантыпты "перзентің
Ырысты жан болады" деп бал ашып.
Ата-анаға қыз болады өріс деп,
Есімімді қойыпты әкем Өріс деп,
«Жаны жайсаң, көңлі болсын көктемдей,
бұл қызымда болады көп ырыс»- деп
Аз ба, көп пе біле алмаймын ырысым,
Өлең жазу болды бірақ ұлы ісім.
Көк майсада, кең өрісте туған соң
Кеңістіктен кеңейеді тынысым.
Көктемеде құлпырғанда жас шалғын,
Жайлау жаққа келіп тұрад ат шалғым,
Дертіме ем, ал жүйкеме шипа деп
Жалаң аяқ жас шалғынды басқанмын.
Туғаннан соң таңғы шықтан нәр алып,
Туғаннан соң көк майсаға оралып,
Ғұмыр бойы көк-жасылды сүйемін
Өмір деген жасыл түс қой ол-анық





Пікір жазу