20.08.2022
112
Қызыл кірпіш
Шығар-шықпас ауырғанда бар жаның
Дауа іздейсің ойлаған соң жан қамын.
“Қыздырылған қызыл кірпіш ем” - деді,
Соны естіп қызыл кірпіш таңдадым.
Болса дағы көп құрылыс жан-жағым,
Қу топырақ саз балшықты қармадым,
Тас цементтен көңіл қалып, бет қайтты
Кірпіш болмай қолыма ұстап алғаным.
«Мынау ауру қалай маған тап болды,
Қызыл кірпіш қолға түспей қат болды».
Мұны естіген кең жүректі әріптес
Кірпіш әкеп көңіл міне, шат болды.
Бұдан кейін айтар болсам аржағын,
Бұл өлеңді сол бір жанға арнадым.
Сақырлаған сары аязда көтерген
Бір мен үшін қызыл кірпіш салмағын.
Негізгі арқау кірпіш те емес, пейілде,
Ауру жанға шипа іздеген мейірде,
Пейіл де жоқ, мейір де жоқ кей жандар
Көмегін де қалдырады кейінге.