20.08.2022
  144


Сарымай

1941-ЖЫЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ КЕЗІНДЕ ОСПАНҒАЛИ ДЕГЕН ЖІГІТ ПЕН САРЫМАЙ ДЕГЕН ӘЙЕЛДІҢ АЙТЫСҚАНЫ

Сарымайдың айтқаны:
Қыз едім әлпештеген Қалыбайдың,
Бәйге алған топтамадан Сарымайдың.
Тәңірдің өзі берген бір мінезі.
Кісіні сөзбен қағып сынамаймын.
Замандас, өзің айтып білдірмесең,
Мен сізді бұдан бұрын танымаймын.
Ақсүйек төре болат арғы жағым,
Бір Құдай аямастан берген бағын.
Кешегі Жәңгір менен Баймағамбет,
Ұстады өле-өлгенше қандық тағын.
Ал енді өз атамды айта қойсам,
Бай болып мал жинаудың білген бабын.
Пәлендей ана біреу болмаса да,
Өзіңнің жақсы өткізген бұл атағын.
Кіндіктен сол атамнан біреу туып,
Әзір-ақ жалғыздықтың тарттым зарын.
Кешегі осы соғыс басталғанда,
Кетіп ет ел қорғауға алған жарым.
Беріштің Қаратоқай баласы екен,
Білмеймін көп айтуға арғы жағын.
Көп болды жолдасымның хабары жоқ,
Сондықтан жүрген жай бар сынып сағым.
Қайғы мен қапа болып жүруші едім,
Ұяты өзіңіздің салған арын.
Осындай үстіңізге келіп қалып,
Отырмын базар етіп қолда барын.
Сіз дағы жүргенсіңіз Отан қорғап,
Жауыздан елге келіп жатқан орнап.
Болар ет өте жақсы тез босатса,
Бауырды жау қолында қалған сорлап.
Немістер қолға түскен адамдарға
Айуандық етті дейді ғой өте қорлап.
Көрсеткен солар менен армияның
Жасаған алыстағы жолын оңдап.
Сақтағай қарсы келген кеселдерден,
Әулием ұлы аруақ қосы қолдап.
Болып жүр осы күнде көңіл жетім,
Айтуға бұдан көрі сөзді ұрлап.
Азырақ ауазыңа ғашық болып,
Беремін домбыраны сөзбен жолдап.
Замандас, мүмкін болса ауаз көрсет,
Қонақты қинау да ұят өте зорлап.
Ақын деп естіп келдім сыртыңыздан,
Бір тайпа озып жүрген ұлтыңыздан.
Айтпай-ақ байқағанға көрініп тұр,
Сөз сөйлеп әңгіме айтқан құлқыңыздан.
Суғарған сөзің болса айтып берші,
Айырылып жүргеніңде жұртыңыздан.
Сондай сөз өте қымбат мұңды адамға,
Асыл сөз сана береді тыңдағанға,
Үлгілі топқа айтар толғауым жоқ.
Жіберем әнмен салып шындағанда.
Қайғылы асыл сөздің жырдан берсек,
Еңбегің босқа кетпес құр далаға.
Мінеки, домбыраны ұсынамын,
Басыңды алып қашып бұрмалама.
Тыңдасын біз секілді шерлі адамдар,
Азырақ мүмкін болса жырла, аға.
Оспанғали:
Айттыңыз қызы мен деп Қалыбайдың,
Бәйге алған топтамадан Сарымаймын.
Тәңірдің өзі берген бір мінезі,
Кісіні сөзбен қасып инанмаймын.
Кез болдық бүгінгі күн ырыздық айдап,
Бұрын-соң мен де сізді танымаймын.
Замандас, құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын бастан-аяқ қалы-жайым.
Байұлы он екі ата арғы түбім,
Тәңірдің банда арқалайды салған жүгін.
Қуалап ырыздықтың айдауымен
Кез болып біз отырмыз күні бүгін.
Ішінде Байұлының Ысық болам,
Айырын айта қойсам ата жігін.
Керемет сол Ысықтан ерлер өткен,
Өлтірген дұшпандарын бермей құнын.
Сайраған неше ділмар билер де өткен,
Айтқанда келістірген сөздің жөнін.
Нешелер әшекейлі байлар да өткен,
Мыңдаған бие сауған байлап құлын.
Толқыған терең ойлы шешен де өткен,
Сайратқан топтамада қызыл тілін.
Нешелер оқымысты жандар да өткен,
Бастаған астанасын оқып ғылым.
Қайда деп тұрағымды сұрасаңыз,
Тайсоған елім жайлайды бүйрек құмын.
Жүр едім көппен бірге отан қорғап,
Еліме көл салғасын жауыз зұлым.
Туғалы басым тартып көрмеп едім,
Жақсыдан білетұғын сөздің пұлын.
Айтқанда қысқасынан жайым осы,
Жиналған сөз тыңдауға өңшең көсем.
Кез болдық барлығымыз ырыздық айдап,
Бұлбұл құс кім таңданбайды тұрса сайрап.
Әркім де бір көруге қызықпақшы,
Қонып ап бақшасында тұрса сайрап.
Қарындас, бұлбұл да өзің, көл де өзің,
Мен сізді айдамаймын сөзбен қайрап.
Ақын деп мен де сізді естіп едім,
Жеке озып топтамадан алған байрақ.
Осындай адамдарым кезге келіп,
Отырмын сүт бетінде болып қаймақ.
Қарасам айналаға көзім салып,
Келіннің қалғанға ұқсайды шайы қайнап.
Шай ішіп дем алғанша жырлап жібер,
Қарындас, сөзің болса тағы жайлап.
Шай ішіп болғаннан соң мен жырлармын,
Қояйын осы бастан сөзбен байлап.
Мінеки домбыраны ұсынамын,
Айтыңыз білгеніңді тағы жайлап.
Сарымай:
Асықпай дем алыңыз шайыңды ішіп,
Қонақты қинау да ұят өте қысып.
Баласын бір Ысықтың көре қойсам,
Жыбырлап кетуші еді арқам қышып.
Бір не зат көргеннен нақ айтқым келіп,
Көңілім тоқтаушы еді алып ұшып.
Себебі мұның қалай деп сұрасаң,
Нағашы болатын ет маған Ысық.
Ысықтың бір оңғанын көрмеп едім,
Сіз ғана туыпсыңыз болып Ысық.
Азғантай бір-екі ауыз тіл тигіздім,
Апаңның туғандығым есе түсіп.
Көтерші көңілімізді шай ішкесін,
Қайғымен жатқандармыз іші пысып.
Тіліңіз өте жүйрік көрінеді,
Көңілім көрсе топты желігеді.
Нағашым өзімсініп жұмсағанда,
Жиені неге кейін шегінеді.
Өзіңдей жақсылармен кеңес құрсам,
Азырақ іштің шері бөлінеді.
Шеттегі бауырларды ойлағанда,
Қайысып қабырғамыз сөгіледі.
Ой түсің бір орынға тұрақтамай,
Егіліп көздің жасы төгіледі.
Тоздырған шіл боғындай адам затын,
Тап болған бұл не деген керім еді.
Нағашы, мұны айыпқа бұйырмасаң,
Сұрағым бір не затын келіп еді.
Болады он екі ата елім дедің,
Жаралған осылайша тегім дедің.
Айырып тек Ысықтың атын айтып,
Ішінен өтті талай керім дедің.
Он бірата енді қалған кім болады,
Ашылып сөзіңізден көрінбеді.
Айырып бас басына айпағасын,
Әуелде неге жіктеп бөлімдедің.
Сондықтан қалғандарын білу үшін,
Сұраудан басым тартып шегінбедім.
Нағашы, қалғандарын айтып берсең,
Бітпеді менің сізге көңілдерім.
Осылай қысқартамын сөздің артын,
Жиналды сөз тыңдауға жас пен қартым.
Бәйге алып топтамадан озып жүрген,
Білетін адам ғой деп сөздің парқын.
Бар болса сөзіңіздің асылын айт,
Жаман сөз тыңдамайды менің халқым.
Шай құйшы нағашыммен бірге ішейін,
Ашылып қалар мекен көңіл жарқын.
Бірге өскен кішкентайдан бірге жүріп,
Отырған шайды құйып айнам алтын.
Оспанғали:
Алайын домбыраны, жиен берді,
Жиылып сомен қатар халқым келді.
Білет деп сырттан естіп ғашық болып,
Азырақ сөйлетпекке біздей ерді.
Көп болды кеңес құрып көрмеп едім,
Замандас, аға-жеңге, қатар теңді.
Қадірлес адамдарым кез келгенде,
Бұлданып неге аяйын ішкі желді.
Адамзат бір-біріне кез болғанда,
Сұрасақ бөтен емес ата жөнді.
Тыңдай бер құлақ салып мен айтайын,
Жиенжан, білмек болсаң біздің елді.
Айтайын руымның бәрін жиып,
Топ көрсем қалғаным жоқ тілді тыйып.
Айырып бас-басына мен айтайын,
Жиенжан, әуел бастан шұбыртайын.
Үш жұртым Ысық, Шеркеш, Сұлтамышық,
Екеуі Адай менен Таз болады.
Қоссаңыз әлгі үшеумен ірге түйіп,
Екі елім Есентамыр, Берішпенен,
Сөзімді алып таста келіспеген.
Ежелден өскен шайыр байтақ елміз.
Арасын Еділ, Жайық өрістеген.
Байбақты, Алаша мен Қызыл құртым,
Ел болды салдық сәндік тегістелген.
Би өтті Байбақтыдан Сырым деген,
Хандарға қарсы келсе көріспеген.
Екі елім Масқар менен Тана болар,
Ешкім жоқ бұл елдерде кем істеген.
Танадан Жиембеттей батыр өткен,
Дұшпаны қарсыласып еріспеген.
Осымен он екісі тамам болды.
Сұрасаңыз жерің болса теріс деген.
Жиенжан, сөйлегенде тілің ұзын,
Шырайлы көрінеді қызыл жүзің.
Кеспірсіз ұйқы-тұйқы көрінеді,
Көріп ем бас-басына төре қызын.
Ысыққа тіл тигізіп сөйлессең де,
Асылы жаман болмайды тұқым біздің.
«Не ексең соны орарсың» деген сөз бар,
Айырып қоя қойсақ сөздің түбін.
Сондықтан теріс баға деп отырмын,
Ысыққа тіл тигізген осы жерің.
Нағашы айырып бер дегеннен соң,
Қалдырмай бәрін айттым руымның.
Көрдің де оңды-солды тигіздің,
Бір түрлі адамдардай жеңіл түзің.
Тигізіп айтар едім тілдің бізін.
Жиенжан, сөйлегенде тілің нақты,
Білем деп айтып тұрсың әрбір бабты.
Ақсүйек төрелердің арғы жайын,
Жасаған аямастан берген бақты.
Жәңгір мен Баймағамбет жауыздарды
Мақтадың меңгерді деп алтын тақты.
Исатай Жәңгірменен қарсы болған,
Езілген қорғаймын деп кедей тапты.
Солардан өз бастарын қорғау үшін,
Хан Жәңгір білмеп пе едің, елді сатты.
Қыдырып мұсылманды орыстарға,
Көт тығып жаққандықтан хандықты апты.
Ерлерді бабын тауып баға алмаған,
Білгіш деп жұрт айтпай жүр өте қатты.
Қудырып орыстарға жоқ етіпті,
Жаралған халық үшін асыл затты.
Жақсы адам өзі халқын бүлдіре ме,
Ойламай мақтан салдың осы шақты.
Және артық кеткен жерің мынау болды,
Адамның бәрі оңбайды деп Ысық атты.
Әр елде жақсы да бар, жаман да бар.
Жаратқан барлық жанды Жаббар хақ-ты.
Қарасаң он саусағың тегіс емес,
Ойламай айттыңыз-ау ал мен артты.
Жиенжан, бір азырақ мүмкін болса,
Тағы да сайратып бер тіл мен жақты.
Мінеки, домбыраны қолына алып,
Жел сөзге қалдырыңыз жас пен қартты.
Нағашың білгендерін айтып болып,
Ал енді сөз сөйлеуден тілін тартты.
Сарымай:
Бердіңіз домбыраны, нағашым-ай,
Тигіздің әрбір сөздің саласын-ай.
Байқадым өте қатты тарылысы,
Ысықтың тіл тигізді деп баласына-ай.
Еркелеп жиендікпен айта салдым,
Қарамай әрбір заттың арасына-ай.
Білмедім бұрын соңды есітпедім,
Исатай Жәңгірменен таласын-ай,
Еткені бұрынғының рас шығар,
Сізіңменен нағыламын таласып-ай.
Жүйрік бар алуан-алуан жаратылған,
Шаппай әр қайсысы шамасына-ай.
Мен-дағы бір тайпа елдің жүйрігі едім,
Дұшпанның көп қалмаған табасына-ай.
Жығылдым өзіңізден, нағашеке,
Айтам деп бір-екі сөз адасып-ай.
Сондықтан үйге жүріп шай ішіңіз,
Екеуміз келіссейік жарасып-ай.
Қояйық әзілдесіп уақ сөзді,
Айтайық сөздің тауып тазасын-ай.
Тоқтатып бір орынға көшкен ойды,
Адамның құйылғандай санасына-ай.
Сіздерге осы айтқаным мақұл болар,
Көпшілік ретінде қарасын-ай.
Бәріміз біздің үйден шай, су ішіп,
Айтыстың сайратайық данасын-ай.





Пікір жазу