20.08.2022
  85


Автор: Нұрила Әбенқызы

НҰРИЛА АҚЫН МЕН ҮМБЕТӘЛІ АҚЫННЫҢ АЙТЫСҚАНЫ

Бай болса, баласы жоқ жаман екен,
Шашылып өлгенде мал қалады екен.
Қасымы Сымайылдың деген кісі,
Жалғанда баласы жоқ адам екен.
Келгенде жасы алпысқа сол Қасымның,
Қатыны бір ұл бала табады екен.
– Осыған бір үлкен той қыламын, – деп,
Жұртына Қасым жарлық салады екен.
Бұл тойдан аянбаймын – депті Қасым,
Алпысқа жер ортасы жетті жасым.
Жасында пайғамбардың бала көрдім,
Қуатсыз қуаң тартқан сақал-шашым.
Келгенде бұл сапарға бала туды,
Той қылып шақыртамын Жетісуды,
Өткізбек ұлкен той қып ойым бар – деп,
Қызығын, қуанышын көпке ұсынды.
.... (1) Қасым басы қалайыққа,
Той қылды көп көмегі аты шулы.
Жиылып игі-жақсы дулат елі,
Жасамақ мерекелі болды дуды.
Бұл тойға шақыртады талай елді,
Хат жазып қашық жерге хабар берді.
«Қасымның Ұлы туған Ұлы той» – деп,
Ар жаққа алашапқын ат жіберді.
Көшелеп алпыс үйді тігіп қойды,
«Көрсек» – деп, ел құмартты осы тойды.
Қонаға келген жұртты күтімге алып,
Әр үйге екі-екіден сойыс сойды.
Біреулер қойын сойып үйін тікті,
Ел болып арқалады ауыр жүкті.
Қонаққа қанша халық келіп жатыр,
Бір жігін білгізбестен бәрін күтті.
Онан соң екі күндей атын шапты,
Мәз болып бозбалалар көкпар тартты.
Сайыс, күрес палуан да бәрі болып,
Мінеки осыменен той тарқапты.
Алыстан келген адам он үйлік жан,
Тағы да кейінгі Күн қонып қапты.
«Қызығын қыз тойындай қыламыз» – деп,
Жиылып қыз-бозбалалар өлең айтты.
Қызыққа Бәрібаев қонып отыр,
Тамаша ойын-сауық болып отыр.
Көтерген жаңқа ағашын ақындар кеп,
Қасымға «құтты болсын» соғып отыр.
Айқымның ақыны екен Үмбетәлі,
Түзелді Кенен келіп тойдың сәні.
Қулықты Бармақтың да құрып отыр,
Қанай мен Жуанышты мақтағалы.
Той қылған Қасым Қанайдың қайны болады, – қайным той қылып жатыр – деп, Қанай Бәрібаевті ерте барады. Бәрібаевтің алдына келіп, ертедегі күнін көксегендей болып, Бармақ ақынның айтқан өлеңі:
– Інімсің– Бармақ айтты: – Кенен, – деді –
Бүгінгі кезек батыр сенен – деді, –
Жақпайды менің сөзім жас балаға,
Мәртебем болып өтті төмен – деді.
Назімді көтеретін Сәтмәңке жоқ,
Бұл заман қалған екен, менен – деді.
Әркімді алсын Құдай қатарымен,
Адыра қалған екен өлең, – деді.
Дейтұғын «ақын Бармақ» Бармақ едім,
Әр жерде абирды алған едім.
Сәтмәңке, Алпысбай мен Шәдбен төре,
Алдына солардың да барған едім.
Мінеки, біздің бастан өтті дәурен,
Солардың заманында саңлақ едім.
Бұл күнде күркілдеді көкірегім,
Несіне өткен күннің өкінемін?!
Аударыс-төңкеріс боп мына заман,
Өлеңге салқын болып кетіп едім.
Бәрі өліп жолдасымның жалғыз қалып,
Боп жүрген шер көкірек жетім едім.
Бар қылып айтушы едім ойда жоқты,
Ауыздан қайтып алмай атқан оқты.
Айтпайын осы өлеңді десем дағы,
Қу кесел үйреншікті қайта соқты.
Басамын аңдып-аңдып аяғымды-ай,
Дегенмен заманым жоқ баяғымдай.
Бәрі өліп жолдасымның жалғыз қалып,
Жылқының болып тұрмын саяғындай.
Қырықтың сегізіне келді жасым,
Әр түрлі қызық істі, көрді басым.
Адасқан көп тобынан қаздай болдым,
Өзімнің жоқ болған соң замандасым.
Кешегі құзғындардың ақыны едім,
Өзгертіп мен байқұсты не қыласың?
Жиналған шілдехана ұлы топсың,
Болғанда бәрің ұлық, бәрің сотсың.
Жас ақын заманыңда жаңа шыққан,
Келтіріп кемеліне Кенен соқсын.
Кененнің өлеңі:
Кенен де домбыраны қолына алды,
Сыпайы ширатылып ән толғанды.
Құлағын домбыраның толғай бұрап,
Отырып бір тізерлеп орын алды.
Ал Кенен шырқап-шырқап әнге салды,
Дауысын естіген жұрт қайран қалды.
Сай шыққан заманаға бұлбұл еді,
Қаратты өз аузына тірі жанды.
Өлеңді Бармақ бастап бұрын айтты,
Өзінің өтіп кеткен түрін айтты.
Тұңғиық, бітеу кеуде кісі емес пе,
Жараның аузын қасып ұлғайтты.
Жаратқан Құдай қисық қыңырайтып,
Сөзінің сынын бұзды сырын айтып.
«Мұңым» деп шынын айтқан Бармақ еді,
Ұлықтар жазаласын мұны қайтып.
Сөз тумас осындайда ақылы аздан,
Құтылмас өлең шіркін өнерпаздан.
Саңылақтың заманында біреу еді,
Қалыпты қартаң тартып қайран жазған.
Өгейсіп өткен күнін Бармақ отыр,
Өткенді-кеткенді айтып зарлап отыр.
Кененге кезек берді – сөйлегін – деп,
Кенен де оңды-теріс самғап отыр.
– Беремін мен де кезек, Үмбет, саған,
Сөзімнің аялғысын аңдап отыр.
Адасып айтар сөзден жаза баспай,
Бар болса, соны өлеңің қамдап отыр.
Ақынсың аты шыққан алты алашқа,
Әр кімнің әр алуан көңілі басқа.
Бергіден бейнеуіңді бері сөйле,
Бармақша жаза басып қаталас па?
Ал, Үмбет, аламысың келді кезек,
Домбырам жұлқынады сені көзеп.
Қиынға қия шапқан жүйрік едің,
Адырға алғызбайтын бойын тежеп.
Ақын жоқ бұл өңірде сенен өткен,
Самғайтын сан қараға тілді безеп.
Ұтылып сөйлер сөзден отырғанда,
Күлгізіп кетпеймісің бірдеме деп.
Үмбетәлінің өлеңі:
Ешкімге баяндамай саулап өтіп,
Домбырашы айланып келді жетіп.
Желісін үзбей тартып соққан желдей,
Айтатын ақын қайда екпіндетіп.
Адасып ақылынан Бармақ алжып,
Жүргенін өлең қылды елге қаңғып.
Бармақтың Кенен ақын сөзін қоштап,
Түңғиық, бітеу кеуде қойды даң ғып.
Сәтмәңке, Алпысбай мен Шәдбен төре,
Солармен аяқтасып жатқын барып.
Тәрік қып дүниені безген болсаң,
Көсеуді көтке байлап жүрсің нағып?
Кененнің бүгін миы ашып отыр,
Бармақты үлкен қара басып отыр.
Тұрғанда Үмбетәлі кім сөйлесін,
Көктемгі қар суындай тасып отыр.
Менімен айтысатын ақын қайда?
Үрейі күні бұрын қашып отыр.
Бармағың арман қылып өткен күнін,
Көңілі өз-өзінен жасып отыр.
Үмбетке кім бермейді қолын жайса,
Ер жігіт қор болады серттен тайса.
Бұл сөзге мақтан желік қосқан барма?
Соғып-ақ кетейін ба, Сүйінбайша?
Дейтұғын «Үмбет ақын» Үмбет едім,
Өлеңді оңды-теріс гулетемін.
Жорғадан, шабыстан да құры емеспін,
Сабалап екі жаққа шулетемін.
Үмбетке пар келетін ақын барма?
Сөзіме менің табар тақыл барма?
Бармақтан күдер үздік түк болмады,
Кененді ақын ғой деп қапыл қалма?
Осыдан таң атқанша жалғыз айтса,
Бұл Үмбет жалықпайды сапылдарға.
Мерекең қызық болсын көп әлеумет,
Менімен айтысқандай қатын барма?
Жұлып алғандай Зейнеділ
деген жігіттің айтып жіберген өлеңі:
Ей, Үмбет, бір қатын бар біздің елде,
Ауылымыз алыс емес жақын жерде.
Ол келсе, Үмбетәлі жеңілесің,
Пәлені сен қылдың деп өкпелеме?
Мұртынан күлімсіреп, марқұм
Бәрібаевтің айтқан өлеңі:
Ей, Зейнеш, ол қатынның айтшы атын,
Үмбетті жеңетұғын қандай қатын?
Көрелік ондай болса, біздер соны,
Шақырып келе қойшы болса жақын?
Зинаділдің өлеңі:
Айтайын ол қатынның Нұрила аты,
Өлеңі мына Үмбеттің сөздің таты.
Нұрила келіп қалса, осы араға,
Болады деп ойлаймын көңіл шаты.
Шақырсаң, Нұрила ақын келер деймін,
Жазасын бұл Үмбеттің берер деймін.
Көп мақтап оған дейін қажет емес,
Көзіңіз келгеннен соң көрер деймін.
Қияңқы жігіт еді оның басы,
Белгілі Нұриланың бізге жасы.
Кісіге анау-мынау жібермейді,
Жұмсаңыз Табылтай мен Иманбайды.
Және де дұғай сәлем хат беріңіз,
Кім барса, қалтасына сап беріңіз.
Ішінде екі сағат келсін деңіз,
Лауға мініп келер ат беріңіз.
Жуаныш Нұрилаға хат жазады,
Білсін деп замандасым айтқан назды.
Ішінде екі сағат келсін деді,
Көруге құштар болып өнерпазды.
Жазды да осылай ғып хатты берді,
Лауға құла жорға атты берді.
Табылтай, Иманбаймен екі болыс,
Хатты алып Нұрилаға шапты дейді.
Бұлар да жылдам жүріп келеді енді,
Хатты алып Нұрилаға береді енді.
Мінеки, хат та келді, ат та келді, –
Шақырып жатыр сізді төре – деді.
Нұрила төре хатын көреді оқып,
Отырды көңіліне ақыл тоқып.
Жүрегі жауланады естіген соң,
Қылмады ешбір қатер көңілі қорқып.
Әр жерде болып жүрген ойын-сауық,
Өлеңге кеткен екен ниеті ауып.
Дәл сонда жиырма бес жасында еді,
Босанып қалған екен бала тауып.
Осындай айтқыш ақын жалғанда жоқ,
Іркілмей жіберетін дегенде соқ.
Алдында үш күн бұрын жас босанып,
Нұрила отыр екен қызыл шу боп.
Әйел деп кім айтады қайран жасты,
– Бармасам, деп айтады мені қашты.
Барғаным жөні келсе мақұл ма деп,
– Нұрила байына кеп ақылдасты.
– Бірдеме қылар едік хаттың жөнін,
Қайтеміз деп отырмын аттың терін.
Ойланшы мынау естің жөні қалай?
Сен едің Құдай қосқан менің ерім.
Байының – бармайсың – деп, айтқан өлеңі:
– Қарашы, – деді, – мына масқараны,
Бұл тойға барамын деп қасқарады.
Ұнамсыз айтқан сөзі иттің – деді,
– Қайтпекші болып отыр жас баланы.
Бұл тойға тілімді алсаң, бара алмайсың,
Сен барсаң, бір пәлеге арандайсың.
Қатыным, «көтті қысқан бай болады»,
Ол тойдан мендей бала таба алмайсың?
Салтыңда той-жиынға бардың талай,
Дедім бе, ол уақытта жүрдің қалай?
Балаңды өзің тапқан өзің баққын,
Болмассың өлеңге онша малай.
Табылтай сонда бұған жалынады:
– Бір лаж балаңызға табылады.
Осындай мөдуар боп отырғанда,
Көңілді бір ауласаң нағылады?
Жалынды Иманбай да – Жәкетай – деп,
– Бұл тойға нағылсаң да жібергін – деп.
Көңілі үшін екеуінің өлгенде әзер,
Зорға айтты: – барса өзі біледі – деп.
Нұрила сонда орнынан түрегелді,
Барады алып ұшып жүрегі енді.
– Бұл тойға жіберсеңіз барам – деді,
Болыстар қуанғаннан күле берді.
–Бар десе, менің байым бата берер, –
Мен тапқан бала болса, құмдағында жата берер.
Қынжылмай бар десеңіз жіберсеңші,
Бір түнгі азар болса, ұйқың өлер.
Алмасаң тұншықтырып аштан өлмес,
Нәр берер нәрестеге Құдай шебер.
Көп жылап мен келгенше булықпаса,
Көресі ашты-тоқты күнін көрер.
Қатынды байы сонда – барсын – деді, –
Шат болып ұлықтарың қалсын – деді.
Осындай құрметпенен шақырғанда,
Бейшара абиырды алсын – деді.
Соны айтып қатынына бата берді,
– Қор болмас әйел адам күтсе ерді.
Бейшара пешенеңді көтерсін – деп,
Үйінде тілеулес боп жата берді.
Нұрила атқа мініп жүріп кетті,
Жанына екі-үш қатын жолдас ертті.
Ішінде екі сағат жылдам жүріп,
Баяғы той боп жатқан жерге жетті.
Айтуға аттан түсіп сабыр қылмай,
Өлеңді ат үстінен еңіретті.
– Мен өзім шақыртумен тойға келдім,
Кім бар деп осы тойда ойлап едім.
Жақсылар жайсаңменен бас қосқанда,
Әр жерде той жиынның ойнағы едім.
Қылайын бұл тойға мен де хошым,
Әдет қой кім той қылса, менің осым.
Жеткерсін әр пендені мұратына,
Талапты қылған тойың құтты болсын!
Барды лау мінсін деген құла жорға,
Жорғамен лажым жоқ келдім зорға.
Отыр ем жас босанып осы кезде,
Болғанда өзім тойда, балам онда.
Аруағы Дулатқожа қолдай көргін,
Тар жерде жәрдем беріп, тайғақ жолда.
Нұрила осыны айтып аттан түсті,
Қызады ақын дуда, жыны қысты.
Айғайлап аруақты шақырған соң,
Көңілі халайықтың болды хошты.
– Келді – деп, – ақын қатын жер жаңғырды,
Көруге құштар болып бұлбұл құсты.
Қамалап қатын-қалаш жүргізбеді,
Бұл тойда не бар, не жоқ білгізбеді.
Отырған Бәрібаев – үйге тарт – деп,
Қамалап қатынды жұрт кіргізді енді.
Кіргізді Нұрилаға есік ашып,
Аттады босағадан қадам басып.
Отырған Бәрібаев, Қанай төре,
Көрісті бәріне де амандасып.
– Өлеңін қатын қашан қозғайды – деп,
Сырттағы ел тықыршыды жанталасып.
Тайсалмай төрге беті қарсы қарап,
Қимылдап қызыл тілі қаусырма жақ.
Ақырып, айғай салып қоя берді,
Жүгініп босағадан отыра қап.
Ол уақта қазақтың оқығандарын ел төре, ұлық – деп айтатын. Нұриланың төрелерге амандасқан өлеңі:
– Аман ба, Бәрібаев, Қанай төре?
Бұл тойда бас қосыпсың талай төре.
Жолдасы Жуаныштың сіз де аман ба?
Көрмеп ем бұдан бұрын, Жанай төре.
Бәріңнің жасың құрбы замандассың,
Жел сөзге Құдай берген қамалмаспын.
Жігіт ең көптің болған апасындай,
Келеді Жуанышқа амандасқым.
Құтылмас шіленгерден сөз жүйесі,
Жиналды жаңа-жаңа елдің есі.
Ай өтіп көрмегелі апта болды,
Жүрмісің есен-аман, жұрт иесі.
Енші Алла елің де аман, жұртың да аман,
Тілеулес елі-жұртың болдық саған.
Сізге мен көп нәмінен амандасам,
Керекті кісі емессің жалғыз маған.
Көлеңкең Жетісуға тегіс түсіп,
Артылды осы уақта сіздің бағаң.
Жұрт үшін жер әлемді жүрсің кезіп,
Амалын әр ұлттың білдің сезіп.
Мұратқа мұсылмандар жете ме деп,
Іздендің бір шыбындай жаннан безіп.
Бұл ісің Жетісуға болды зайыр,
Алдыңнан бір шығады қылған қайыр.
Туғызған Құдай жұрттың нәсібіне,
Жігітсің өзің дана, сөзің шайыр.
Жеттіңіз мәртебе іздеп ілімменен,
Жинадың елдің басын білімменен.
«Мен сондай болдым ғой» – деп, үлкендік жоқ,
Жігітсің кішпейіл күлімдеген.
Тәшкенге Мәскеуменен қолың жетіп,
Кезіңде дұшар болдым дүрілдеген.
Мен едім Жантудағы ақын қатын,
Қалмайды қайда жүрсем қатын атым.
Қатыны пәленшенің ақын деген,
Кетіп жүр талай жерге менің даңқым.
Мәліммін күнбатыс пен күншығысқа,
Сонда да алтын басым ауар мысқа.
Қарсылық жарлығыңа қыла алмадым,
Бұл жерге шақырдыңдар не жұмысқа.
Кеңшілік беріп қойған менің ерім,
Тамаша ойын-күлкі жүрген жерім.
«Қиянат аманатқа қылмас үшін»,
Дәм татып дастарқаннан бердім сенім.
Туғалы бас нәресте үш күн болды,
Әлі де бекіген жоқ менің белім.
«Қыжалат, керек» деген бұйрық барды,
Бар еді не керегім енді менің?
Құмдаққа нәрестемді келдім бөлеп,
Қатында бала тапқан бар ма кегің?
Бәрібаев: – жеңгей, олай болса, тездеп қайта қойыңыз, сіздің мұндай болып отырғаныңды білгеніміз жоқ, біз қаталасқан екенбіз, ғапу етіңіз, балаңызға обал болады, тез қайтқаныңды өтінемін – деді. Зинаділ: – жоқ, бұл кісінің қайтуына мен қарсымын – деп, айғай салып, айтқан өлеңі:
Зейнәділ сол уақытта мақтанды көп,
Мақтанып, айғай салып, шаттанды кеп.
– Келмесе жеңілгенге тән болдым – деп,
О дағы отыр екен уәйім жеп.
– Нұрила, осы тойға шақырған мен,
Айтысып жеңемісің Үмбетті сен.
Сыртыңнан мақтанады желдей есіп,
Не демес ей, аулақта ақылы кем.
Үмбетті жөні келсе бір жеңіп бер,
Еркекпен адам едің терезең тең.
Нұрила, бар еді ғой ақыл-айлаң,
Бала едің атағыңды жұртқа жайған.
Үмбет пен Бармақ ақын, Кенен ақын,
Алдырдық айтыссын деп осы жаймен.
«Айтыспай қайт» дегенге мен қарсымын,
Жеңіп бер осы болсын тиген пайдаң?
Нұриланың өлеңі:
Дүлділдей қызыл тілім сөйлер шағың,
Тарықпай тауып сөйлер сөздің табын.
Әлеумет алдыңа кеп айтпай кетсем,
«Нәумит қал» дегендей боп сынар сағың.
Құдайдың берген кені өлең деген, ,
Көңілім өлең десе елеңдеген.
Кененді бір көруге құштар едім,
Атақты әншіл ақын дегенменен.
Дабысың Жетісуға мәлім бопты,
Басыңда Кұдай берген өнерменен.
Көргендей бізден бұрын қуғын-сүргін,
Көңілің неге жасып төмендеген.
Аман ба Үмбетәлі, Бармақ ақын?
Сендерді деп айтады саңлақ ақын.
Бұл Бармақ егде тартып қалған екен,
Сөзімнің, Үмбетәлі, аңда парқын.
Айтысып меніменен талай ақын,
Бейшара аяғында зар қағатын.
Өлгенде айтамысың, енді қашан?
Құрысын сасық кербез ақын салтың!
Үмбеттің етінен өтіп, сүйегіне жетіп, ұстаса кеткен өлеңі:
Нұрила, жек көрмеймін арыныңды,
Таныдым келген жерден қалыбыңды.
Асықпа айтқанымша аптықпағын,
Шығарар Үмбетәлі жалыныңды.
Үмбет ем озып жүрген осы керден,
Құтылмас талап қылса, иман ерден.
Аузыңды еркінсітпей тарта сөйле,
Сен бе едің елде қатын байын жеңген?
Келдің да ақпай-тоқпай кеттің қойып,
Барасың үндемесем төбемді ойып.
Болар деп түбі қандай, ойламайсың,
Барасың елдің бәрін қырып-жойып.
Нұрила, сенің жайың маған мәлім,
Сөйлейсің шала оттап жанның бәрін.
Көзі жоқ көбелектей шоққа түсіп,
Қалмасын, байқап сөйле, кетіп сәнің?
Жарамас балуан жауға, ақын дауға,
Өлеңнен сұрамаспын сенен сауға.
«Бәйгі алмас байтал озып» деген сөз бар,
Сақа айғыр ап жүрмесін омырауға.
Көзіңді сүзе қарап қылмыңдатып,
Әр сөзді айтқыр ойың бар жылмыңдатып.
Ішінде ұлы көптің ұялмастан,
Жарысқың кеп отыр тырбаңдатып.
Нұриланың өлеңі:
Ей, Үмбет, сенің өзің еркек пе едің,
Білмейтін сөздің нарқын тентек пе едің?
Қағысып айтысудың ығын білмей,
Аузыңа келген сөзді жентектедің.
Шіркін-ай, ақын десем әңгі ме едің,
Бұзасың әңгіменің дәмді жерін.
Алдына мен тартатын сый табағы –
Болады сен сықылды әңгілердің!
Адасып айтар сөзге албыттандың,
Албыттың мен талайын қаңғыртқанмын.
Жем жеген екі мезгіл сәуріктей боп,
Әулігіп айдалаға аңғырттандың.
Емес, пе айтысқан соң жарысқаным,
Көк байтал көрдің бе аттан қалысқанын.
Айғайлап әйелмін деп айта келдім,
Осы ма білген сөзің, данышпаным.
Нұрила талай тойға баратұғын,
Той болса әнім осы салатұғын.
Омырауға алам деп кеп талай сәурік,
Өз боғын бір искеп қалатұғын.
Ей, Үмбет, сөзге құлақ саласың ба?
Ақылға түсінбейтін баласың ба?
Жеңілсең қасиетің кетіп менен,
Атақты албасты боп қаласың ба?
Атандым Нұрила ақын қыз күнімнен,
Келемін көп айтысып сар кідірмен.
Ақынмен әлде неше айтысқанда,
Емеспін адамзат боп бір мүдірген.
Сөйледім талай топқа сермей-сермей,
Отырмын сермер жерге еркін келмей.
Болады өлең деген әңгі намыс,
Бұл жерден мен кетпеймін сені жеңбей!
Егерде жеңілетін болсам сенен,
Өлгенім жақсы емес пе үйді көрмей.
Үмбеттің өлеңі:
Сөзіме шалып айтқан шамданасың,
Еркектен қалыспауға қамданасың.
Түзетіп өз бетіңді айтсаң бойыма,
Өлеңнің тауып айтып таңдамасын.
Сөзіңе өзің айтқан көңіл қоймай,
Аузымды менің бағып аңғарасың.
Әңгі деп ақымаққа мені теңеп,
Сәурікке кімді қосып сандаласың?
Байталды шыжбыңдатар айғыр қуып,
Айғырдан жүкті бопсың бала туып.
Баланы кеше тауып тойға кепсің,
Келмепсің жүргекте ұрған кірін жуып.
Былапыт сендей қатын көргенім жоқ,
Салдақы, маңайыма келме жуық.
Шерменде, сен сықылды жеңген емес,
Болған жоқ тұзым төмен өзім туып.
Нағыпты байталдан қап онша маған,
Болдым ба оңай намаз мен де саған.
Алдымда жаңғалақтап сөйлей алмай,
Әр жерде қалушы еді сендей адам.
Мен өзім ерте шауып, кеште озам,
Емес қой сен сықылды менің қожам.
Екі ауыз өлеңменен есің шығып,
Боп кетер топырағың сенің тозаң.
Өлеңі бұл Үмбеттің астаң-кестең,
Тисе тисін, тимесе апай төстен.
Өлгенім үйді көрмей жақсы емес пе,
Жеңілсем сен сықылды жарым естен.
Нұриланың өлеңі:
Ей, Үмбет, мінезің бар оңбайтұғын,
Ақылға сөз айтасың қонбайтұғын.
Ләпсіңнен жаңылдың ба жазым болып,
Жеріңе кеп отырсың жондайтұғын.
Дәл өзі сен емес пе кеңкелестің,
Болады сөзі осындай жарым естің.
Бетіме мұның несін қылдың шіркеу,
Біреудің қарқаралы қызы емеспін.
Бақ берсе, бала берсе бағыменен,
Үмбеттің сағы сынар тағы неден.
Ауырсаң, Үмбетәлі, сүзек болып,
Ұшықтар Нұриланың таңыменен.
Табады әр кім иман дініменен,
Біреудің біреу жүрмес күніменен.
Кер кеткен кірін жумай тойға келсем,
Үмбеттің тазалатам тіліменен.
Не дейді мына антұрған, төрелерім,
Алдыңа шақыртпасаң келер ме едім?
Наясап, бейәдептің тіл сазайы,
Өлеңім үстем келіп төпеледім.
Бұл Үмбет ақын емес, анық шатпақ,
Ежелден ескі мінез сөзге тақпақ.
Жігітті абиырлы әр уақытта,
Жүреді әр нәрседен Құдай сақтап.
Әйгілі ақын болсаң ел мақтайтын,
Өзімдей сөйлесеңші екі жақтап.
Әйтеуір ақынмын деп әуектейсің,
Білмеймін не айтқаныңды қыжалақтап?
Белгісі өлеңшінің олай емес,
Жақсының сөзі балдай сырлы кеңес.
Майда тіл, жұмсақ көңіл болмайынша,
Ақындық адамзатқа оңай емес.
Өлгенше өрге айдадың өзіңізді,
Мен де өре бастырмадым сөзіңізді.
Осымен жоғалтайын көзіңізді,
Берейін тілеп алсаң кеміңізді.
Айтысып меніменен пар келмейсің,
Таппасаң менен басқа теңіңізді?
Үмбеттің өлеңі:
«Ұят жоқ – иман жоқта» деген дінсіз,
Көрмедім бұл жалғанда сендей пірсіз.
Шімірікпей, жүзің құрғыр, не деп айттың?
Бетіңнің қытығы жоқ «тіпі», бүрсіз!
Деуші еді әр кім сені долы қатын,
Жүрмейді долыменен пері жақын.
Бар болса, қалған сөзің тағы да айтқын?
Қалған жоқ ешбір жерім қорынатын.
Ұлықтар, бұл қатынның жоғалт көзін?
Қарашы, наясаптың кеп айтқан сөзін.
Келдім деп шақыртумен міндет қылса,
Мен де бар кесіп жерлік, тойғыз өзін?
Ауырған сыздағанға табылды ем,
Сүзек боп ауырғанға дәрігер кем.
Тентектің телі сөзін тергеу түгіл –
Хош алып мұның сөзін көресің жөн.
Сөзінің кім жетеді ұшығына,
Теңгерді елдің бәрін пұшығына.
Таланың жастайыңнан неден кетті?
Еркектің жолығарсың қошығына.
Бұл заман болғанменен мейлі қатар,
Дүние деген сөз бар алып сатар.
Әйелдің еркек пірі деуші еді ғой,
Еркектің сарт болмаса аруағы атар.
Барғанда сөздің ырасы тазасына,
Тіліңнің бір тартарсың жазасына.
Ақ түйең алтау екен ой, қара бет,
Үмбеттің жолықпасаң назасына.
Былапыт, былғадың ба тілімді енді,
Айыпты айтқан сөзің білінбеді.
Мұртынан езу тартып Бәрібаев,
Қуаттап қатын сөзін күлімдеді.
Қарабет халық ішінде қаймықпастан,
Аянбай айтысам деп дүрілдеді.
Сенімен бір Құдайға жүгінсем,
Өркендеп көгертпесін түбіңді енді.
Нұриланың өлеңі:
Ей, Үмбет, ақындықпен арындадың,
Арындап ары-бері ағындадың.
Антұрған, әзіл сөзге наза болып,
Қарғанып, қара басқыр, қағынбағын.
Елімнің жолықпасам сілесіне,
Еркектің киесіне табынбадым.
Шалаға жанып тұрған жақындасып,
Темірдің қызуына қарылмағын.
Салтымнан самғағанда адаспаймын,
Саналы сөзің болса таласпаймын.
Бойыңда шықпай жүрген ұшығың бар,
Өлеңмен оңды – теріс аластаймын.
Бетіңде сақал-мұрттан тұлдыр да жоқ,
Қырғандай ұстарамен бұлдыр да жоқ.
Секілді кәрі кемпір кейіптенген,
Қазақтың сендей көсе ұрығында жоқ.
Ой-сана, сезіміңді мөлшерлесем,
Ақындық ақыл дарқан зымбыл да жоқ.
Қатыннан қасабалы неңіз артық,
Ер белгі иегіңде бір қыл да жоқ.
Болғанда бетің тақыр, бойың мықыр,
Қитықтау мінезің бар, желкең шұқыр.
Кескінің келімсіз таңқы мұрын,
Торсықтай майлап қойған қара жылтыр.
Жабысып сары шаяндай елді мақтап,
Ән қосқан домбыраға тырқы тыңқыл.
Сыртымнан жеңемін деп желпінесің,
Естіп ем өсегіңді сенің былтыр,
Өлеңге мығым болса, сығымдайын,
Ер болсаң, тырпыламай менен құтыл?
Артықша менен артық қай жерің бар?
Не жеңіп, не жеңіліп сөзден ұтыл.
Өткендей өңменіңнен болды сөзім,
Ал, Үмбет, жетең болса айғай ұмтыл?!
Үмбеттің өлеңі:
Көремін ей, Нұрила, озғаныңды,
Қозбасы әңгіменің қозғарылды.
Пырпылдап қаншық иттей қаба бердің,
Шығарып тастамасам боздағыңды.
Төбеңді мен қазатын тұлдыр көсе,
Түсіңнен шошып оян Үмбет десе.
Соңына қоңырау таққан бұзық қатын,
Ол датың ажырамас өле-өлгенше.
Басынан балдыр сөзді пысықтаймын,
Сен – тышқан, мен қақшитын – мысықтаймын.
Аластап ары-бері асқындырып,
Жеріңде жөпелдеме ұшықтайын.
Болсам да мықыр кескін, сөзім пысық,
Бүркіттей тұяғыма алдым қысып.
У бердің өз байыңа не күн туып.
Ойнастың тілін алған ұры мысық.
Болса да бетің қызыл, өңің сұлу,
Не пайда болмаған соң бойда жылу.
Сүймесең ойнасыңа тисең нетті,
Жаныңа қанша қажет қастық қылу.
Өлсін деп ол барғанда алмас бердің,
Өзіңе адам пенде нанбас дермін.
Қолыңда қаза тағдыр тұрған болса,
Құтылып ол байыңнан қалмас па едің?
Алғашта айта салмай ар санадым,
Шығарып боздағыңды қамшыладым.
Сезген соң сеңді суға түсті байың,
Өлсін деп отқа төсін қарсыладың.
Етсең де қанша қастық өлмей қалып,
Қия алмай ойнасыңа сансырадың.
Бетіңде шімірігер шіркеу де жоқ,
Жалғанды жалпақ басып шаршыладың.
Арамға ақ төсіңді бастырғанша,
Адалға аланиет қас қылғанша –
Ойнастан бала тауып сол байыңда –
Өлгенің өте жақсы мерт қылғанша.
Мұндай іс мұсылманға мін болады,
Әділін түгел тауып тапсырғанша.
Сөзіме айтпайтұғын асық болдың,
Асығып албастыңды қақтырғанша!
Нұриланыц өлеңі:
Дүниенің кең қазына жалғанында,
Жарасар араздығым алғаныма.
Қатасыз, қамтамасыз пенде болмас,
Толқынды туғананың (З) аңғарында.
Болғанды бастан аяқ болды демей,
Бола ма болмады деп танғаныма.
Мін қылып осы сөзді тағамын деп,
Алдымнан, ақын Үмбет, қамдадың ба?
Бір дәмді, бір дәмсізбен қосып шайнап,
Ашты ма, тәтті ма деп талғадың ба?
Пенденің жұмыр басы не болмайды,
Жетпесе жетем деген арманына.
Не түрлі керуен көшіп заман өткен,
Тұрмысты талқы басып тепеңдеткен.
Адамзат бірде теңіз, бірде дөңір,
Ондай іс бола бермек сондай геппен.
Кісінің ерлі-байлы арасына,
Түседі деген сөз бар мысы кеткен.
Болғанда байыменен төсек азар,
Үмбеттің несі кетті не себептен?
Кінаға істеп өткен кешу болса,
Айыпсыз адасқанға шешу болса,
Байыма баяғыдай баз қалыбым,
Айтпас ең ондай сөзді есің болса!
Ат қойып ала жіпке ала бөтен,
Қағынып отыратын Үмбет көсем.
Ант беріп адалдық деп айта алмайсың,
Сондайдан өзіңді де тапты шешең.
Жастықтың қызық дәурен науқанынан,
Бола ма өткен пенде аман-есен?
Кезегін келер сөздің кер айтасың,
Тағы да намыстанып әңгі десем.
Емес пе әңгілігің, алдырмадым,
Шапқанда шаңымды да шалдырмадым.
Жетерлік жетең болса есең болды,
Азасыз айтқаныңды қалдырмадым.
Енеңнен екі туып сен келмесең,
Есіңнен осы болды тандырғаным.
Жағымсыз жаман сөзбен, Үмбетәлі,
Екінші құлағымды даң қылмағын?!
Үмбеттің өлеңі:
Нұрила, құтылмады сенен қулық,
Мініңді білгізбейсің судай жылжып.
Адамның екі аяқты өрі екенсің,
Бұлт берме мінезің бар түлкі құйрық.
Секілді долы құйын ұйтқып, шалқып,
Сынаптай жылт етесің қолдан сырғып.
Шарт жұмған екі көзін ұры мысық,
Тұрғандай не көрдім деп бәрін сылғып.
Орданың сұр жыланы тәрізденіп,
Ысқырып, осқырасың, шапшып, сырғып.
Арбадың аспандағы бозторғайды,
Түскендей алқымыңа жұттың қылғып.
Жүткірік қылғығаның тұмау болып,
Өкпеңді теспей шықпас іштен қылқұрт.
Қолқаңды қолқа құрт боп аралармын,
Бүлдіріп бүйрегіңді жаралармын.
Аралап ішек-қарын, қатпаршақты –
Паралап жүрегіңді далалармын.
Басыңнан ақылды ұрлап, миыңды жеп –
Есіңді есек қылып алалармын.
Қақпалап сен сайтанды мініп алып –
Бетіңе шапалақпен сабалармын.
Еріңе опасыздық іс білдірдің,
Дедің да тіл мінеки жымдай қылдың.
Желді аяқ, желім ауыз, желпінбегін,
Желкеңе осы арада ырғып міндім.
Қаншық ит қанша айтсаң да кісі қаппас,
Сақ болса, көп үреді босқа жырбың.
Дүзқара, бетің қара, ниетің ала,
Ұялмас болармысың мұндай мылжың.
Пешенесіз елден шыққан, ой, қарабет,
Опасыз екеніңді ойлана кет.
Үмбеті Мұхамедтің бола алмайсың,
Болғаның ерге шекті – Құдайға шет.
Ар иман ізетіңнен түгел безіп,
Өмірден маған десең қорғалап өт.
Ез болмай ердің жөнді кез болғанда,
Тастаса болар еді садағам деп.
Нұриланың өлеңі:
Ей, Үмбет, уға қостың, қуға қостың,
Құйынға, түлкі, мысық, суға қостың.
Сынапқа, сұр жыланға мені теңеп,
Момақан бозторғай боп жырға қостың.
Құлғана мерез кесел тұмау болып,
Сырыңды зиынкестік шынға қостың.
Ойымнан ақыл басым адаспайды,
(4) сен жеңбесті сынға қостым.
Сыпайы сөйлеймін деп
Ит қылып ең соңында тырға қостың.
«Жығылған сүрінгенге сөз тағады»,
Өзіңе кезек келер өйтсе, достым.
Білмейсің кім опалы, кім опасыз,
Сөз былғап арасына сөз қосасыз.
Ақиқат ақты қара таратады,
Түскенде мәлім болар еш оқасыз.
Тартқанда таразыға жанның бәрін,
Азабың ауыр-жеңіл сонда мәлім.
Тозақты пенделердің белгілері
Некесін бұзбақ екен о уәденің.
Тозақтың ең түбінен орны шығар,
Ақ іске ант қор боп берсе жаны.
Еріне шекі болған шет жағасы,
Түбіне сүңгіп кетер сендей залым.
Болады иман жолдас – ұят, арға,
Әзәзіл ардан кеткен Үмбет барма.
Алтынай қарындасың бірге туған,
Баласы Алпысбайдың Жұмақанға.
Ақ бата, қызыл қанды судай ұрттап,
Қызығып Құда түсіп, бердің малға.
Айнытып онан бұзып алып кеттің,
Берем деп өз теңімен сүйген жарға.
Ей, Үмбет, иман қайда, ұят қайда?
Ләпсінің іздегені пақыр пайда.
Озбырым от басынан озған емес,
Содырың сенің, Үмбет, маған сай ма?
Ақ жүрек, адал ниет адам болсаң,
Бердіңіз содан бері қанша байға?
Баланың жайы қандай, жақсы жүр ме,
Майдалап жауап бергін Алтынайға?
Үмбеттің өлеңі:
Нұрила, бел жотаңды баса бердім,
Қарғасам қалың сөзден аса бердім.
Еліне Алпысбайдың құдаласып,
Қалыңдық қарындасқа матап едім.
Сүйкімді құда болып сүйек алды,
Жоқ шығар мұнан бүккен таса жерім.
Атаның ұлы ғой деп қапы қалдым,
Ол кезде мен де кедей нашар едім.
Кез болған кезегінде байға бердім,
Ақ майға, қызыл құйрық шайға бердім.
Артынан қарындастың барамын деп,
Өткізіп бір жарымдай айда келдім.
Мән-жайын манақасын қайдан білем,
Байқасам күйеудің де түсі күрең.
Үйіне қарындастың ол күн қондым,
Ішкімде ықылас жоқ ашық рең.
Тәрізі жақтырмаған бола ма деп,
Дедім ғой ертесінде атқа мінем.
Асықпа деді маған қарындасым,
Ілесіп дәм шыдасаң бірге жүрем.
Білмеймін қуаң түспен өңі қашып,
Бар деді арамызда бір дербелең. (дүрбелең болуы мүмкін)
Тарыс кетті күйеу бала танбаймын деп,
Ала кет мына балаңды алмаймын деп.
Жаздырып қалақ қант, қалы берді,
Басыңды дау-дамайға салмаймын деп.
Құм сірке үсті-басы көк ала бит,
Қарасам қарындасым үйге алып кеп.
Болғанда бай келіні күң болыпты,
Жүргенде басқан ізі мін болыпты.
Менсінбей кедей ұлын байдың ұлы,
Жүйкесі жүрсе құрып, құм болыпты.
Күс-күс боп екі қолы қара сиырақ,
Ақ беті айғыз-айғыз кір болыпты.
Адамның санатына оны қоспай,
Итпенен есіктегі бір болыпты.
Біреуге сонан кейін таңдап тиді,
Онысы өзіне сай дөп жолықты.
Өзіне жаңа тапты жанашырды,
Бейшара Алтынайдың бағы ашылды.
Ошарлы ұлды-қызды отан болып,
Егізден екі тапты тамаша ұлды.
Үйіне түне күні мен барғанда,
Егіздер нағашым деп алас ұрды.
Нұрила мұнан ұпай таба алмайсың,
Тасбақа қылар Тәңірім, табашылды.
Нұриланың өлеңі:
Адамға абиырсыз аса мақтан,
Орынсыз осы сөзің ей, сел атқан.
Тигені Алтынайдың бесеу бопты,
Кеткелі кейін басып біздің жақтан.
Бес елден жалғыз кедей таппадың ба?
Байларға бақал болдың айна сатқан.
Шыққалы соңғы жерден үйіңде отыр,
Екіден егіз ұлды қашан тапқан?
Бір бала өмірінде ол тапқан жоқ,
Сен таптың өтірікті оңай жатқан.
Адымың ашылмайды, маңдымайды,
Дәмі жоқ дәлел сөзге жала жапсаң.
Әй, Үмбет, үзгім келді сенен үміт,
Қылар ма сондай кәсіп сендей жігіт.
Алтынай ондай сауда болмас еді,
Басында берген болсаң теңін біліп.
Басыңды байдың ұлы менсінбеді,
Өлудің біле алмады емін қылып.
Батымсыз оның басы бола берді,
Қойған соң сені Құдай еміндіріп.
Үмбетім, сөзің жылпың, аузың епті,
Жеріген қойша телдің екі бетті.
Арланып әлденеше Алтынай жас,
«Өлем» деп намыстанып у да жепті.
Тағдыраға жазым болса, кімнен себеп?
Тұрмыстың тұтқын нұры оған кепті.
Қояңды көп қаздырып нағыласың,
Қоздырып қай-қайдағы бәлекетті.
Жел сөзім желдей соғып сауылдасын,
Қабағың қатып, ішің ауырмасын.
Арқаңа таңсам жүкті таңғышақтап,
Өтірік өре баспай мамырларсың.
Шүйкітіп бірден-бірге бейшараны,
Болды ғой «есік қақпай» қарындасың.
Көрем деп байдан опа байқұс бала,
Өткіздің зая қылып жарым жасын.
Ұлықтар, осы сөзді түйініңіз,
Үмбеттің сатқан сиыр, тиыны біз.
Аяғын мұнан былай байқап бассын,
Жазаға заң көтерсе бүйріңіз.
Қолқаға мұнан артық сізден сұрап,
Алатын біздің болмас бұйымымыз.
Теңгермей иығына жүрсе дағы,
Үмбетпен бірдей шығар иығымыз.
Не дерін сонда Үмбет біле алмады,
Басында қой дегенде тіл алмады.
Үш тұрып, сасқанынан үш отырды,
Аяғын қадам басып жүре алмады.
Айғайлап кейбіреулер күлді қатты,
– Қаншық ит жалбыратып сені қапты.
– Басынан оңға сөзің шықпады – деп,
Әр кімдер әр алуан сөгіп жатты.
Желкелеп дәу төбетті қаншық жеңді,
Жеңгенде әдемілеп аршып жеңді.
Әйгілеп жұрт көзінше Бәрібаев,
Мың теңге ол қатынға бәйгі берді.
Жорға мен құла жорға ақпарлатып,
Үйіне жарым түнде қайта келді.
Мың теңге үйде жатып олжа алған соң,
Ләм деп айта ала ма қатын ері.
Аяғы әңгіменің болмай мешел,
Аз ғана түсінігін сөйлеп кетер.
Сонан соң Нұрилаға көп кешікпей,
Жабысты Ұлы науқас Ұлы кесел.
Кез болып келте сүзек кеден болды,
Себебі ол науқастың неден болды?
Созылып соның түбі ұзай-ұзай,
Соңында ісіп-кеуіп шемен болды.
Бақса да қанша тәуіп сәті қонбай,
Ақыры обал жетіп өлер болды.
Бармағын баса тістеп – өнер – деді,
– Болмадым жарық сәуле көрер – деді.
Аз ғана жүрмедім – деп, арман қылып,
Өкініш өлеңі екен өлердегі:
Айтысқан талай қызық, талай ақын,
Ішімде бірге кетті өлең – деді.
Не керек бәрін жазып жүрмеген соң,
Еңбегім зая кетіп төленбеді.
Айтысты талай ақын арыстандай,
қолма-қол қойғыласып алысқандай.
«Мен жүйрік, мен де дүлдүл» деген сабаз,
Жеңілмей кеткені жоқ намыстанбай.
Бәрінен Үмбетәлі басым екен,
Таласып ат құлағы жарысқандай.
Қиынға қия шапты, қисын тапты,
Алысып ауыздыққа қарысқандай.
Ішіме түйнектей боп түйлігеді,
Сол жерде сонан кесел жабысқандай.
Көңілім не де болса торықты деп,
Қызуда қыз басымды соғыппын кеп.
Бетіме қарсы келген не қалың сөзін,
Итеріп иірімге түсірем деп.
Артынан назар керде адам ба деп,
Шешініп өз-өзімнен қорықтым бек.
Қырық кісі атын білген Қыдыры бар,
Ер екен сілесіне жолықтым деп.
Өтірік айтамын деп егіз ұлды,
Үш тұрып жеңген жерде үш отырды.
Байқаусыз қапелімде бір жеңілді,
Әйтпесе, ақын екен аса құнды.
Тегінде оңайлықпен ақын болмас,
Мылтықтың оғындай-ақ назасы ұрды.
Жастыққа басын тартып сүйей бердік,
Әріден үзіл-кесел көзін жұмды,
Айқасып кезегінде ажал жетті.
Тәжірибе қылды қатын ескі дінді,
Біреудің назасына біреу өлсе,
Қызыл тіл алып жемей қойсын кімді!





Пікір жазу