20.08.2022
  148


Автор: Нұрила Әбенқызы

НҰРИЛА МЕН АҚЫНДАРДЫҢ АЙТЫСЫ ЖӘНЕ ЖАМБЫЛДЫҢ ТӨРЕЛІГІ

Нұрила:
Мен болсам Жантудағы Нұрила ақын,
Шығандап шырқағанда шықсын даңқым.
Құбылтып ырғағымен даусым әнді,
Тыңдасын ынтасымен, сүйіп халқым.
Жасымнан шаршы жиын топқа түстім,
Ақынмен көңіл соққан көп айтыстым!
Телегей теңізіне көптің малтып,
Халықтың қайнарынан шәрбәт іштім.
Сондықтан мүдірмейді тіл мен жағым,
Кенеттен тез қамданып ой, қиялым,
Алдында әлеуметтің сөйлегенде,
Кетеді көтеріліп аруағым.
Жолдаспын өмір серік өлеңменен,
Құдықтан өнер қаздым тебенменен.
Кененді бір көруге құмар едім,
Атақты әншіл ақын, – дегенменен.
Жеңіп ем былтыр ғана Арғынбайды,
Осы үйде домбырасы даңғырлайды.
Мен бар жерде айтпастай болып еді,
Әйткенмен, ақын, шіркін, ар қылмайды.
Шыдамай өлеңімнің таяғына,
Жеңіліп ең, Байбурыл, баяғыда.
Оспан, Мақыш, сенің де есіңде ме
Жем түсіп ақсағаның аяғыңа.
Айтыспаған менімен Шүкітай бар,
Жампаңдаған қасыңа Жартыбайды ал,
Ұлы тойда осындай кез болғанда,
Қалдым демей қапыда, айтысып қал!
Үмбетәлі жай сөзге шамданатын,
Бар қобызы Бармақтың таңданатын.
Менімен осы жерде көп ақын бар,
Айтысуға қайсысы қамданатын?
Ортамызда ежелгі жырау отыр,
Барлық ақын бас қосқан мынау отыр.
Сіз тыңда, сізден соңғы айтысалық,
Жай бізді Жамбыл ата сынап отыр.
Дулат ақыны Шүкітай:
Қапы ма едің, қарағым, Шүкітайдан,
Атым түсті аузыңа сенің қайдан?
Өз өнерім өзімді тарықтырмас,
Көмек сұрап көргем жоқ Жартыбайдан.
Айтыспаған сазайым тек болмаса,
Сені білем, Нүрік-ау, кішкентайдан.
Атақ, ізет, абиыр сақтамасақ,
Біреумізден, шырағым, төгілді айран.
Жанту болсаң, Нүрігім,
Жаныс едім,
Ауылыңмен ағайын, таныс едім.
Екі бақсы жеңгенде бірін-бірі,
Бір емес пе, ойлашы, намысы елдің.
Аулақта әлі де бір айқасармыз,
Қара өлеңмен қағысып, шайқасармыз,
Оңашалау Дулаттың бір тойында
Ақындықтың әр түрін байқасармыз.
Той бастауға әлгіде ол таласты,
Жолын қуып атаның Шапырашты,
Жүлдесіне солардың жүйрік тиді,
Білетіні жоқ па екен сөз ұйқасты?
Дулат ақыны Бармақ:
Қобыз қылы қолында, мен ғой – Бармақ,
Әлден келсе, абиыр әркім алмақ.
Неге қажет жоқ жерде руласып,
Шапырашты Дулат пен бола қалмақ.
Құбыладан оң тұрып жел соққанда,
Жер түбіне кетеді жеңіл қаңбақ.
Айқайласып келгенде арты жеңіл,
Шапырашты жай тұрсын жолды алмай-ақ.
Не дейді бір-біріне екі Дулат,
Жай ғана Шапырашты тұрсын тыңдап.
Бетіне ұстап келетін Жамбылы бар,
Сүйінбайдан кейінгі кәрі шумақ.
Айтыспаймыз, әрине, Жамбылменен,
Басқасының, байқасам, нарқы төмен.
Екі Дулат демесең осы арада,
Айтысуға ылайық әнші Кенен.
Айтсаң, Кенен, абайлап, байқап сөйле,
Нұриланың тұңғиық сөзі терең.
Ер жігітке өлгенмен тең болады,
Жеңілгенде осындай әңгімеден.
Дулат ақыны Кенен:
Бір сөзге тиянақты болмай палуан,
Имендің бе ізденген өнерпаздан,
Неге састың, сөзіңнен неге адастың,
Қажығандай қайқаңдап Нұриладан?
Ел ақынын қомсынып Бармақ отыр,
Бұйрық айтып біреуге арнап отыр.
Жұлындырып ежелден отыратын
Мұның сөзі қыршаңқы, түйе қотыр.
Атағымды жоймаймын атым барда,
Жұртқа Кенен қадірлі нарқым барда.
Әнші басқа, әртүрлі ақын басқа,
Менің мұндай жарысқа мәнім бар ма?
Атышулы ақын ғой алты алашқа,
Қайрап салса, өтетін қара тасқа.
Шапырашты дегенге шыдай алмай,
Дайындалып өзі отыр бір шайқасқа.
Безеп қапсың қолыңа домбыраны,
Болмағанды болымды болдырады.
Қима сөздің қисынын табушы едік,
Қамданбасаң бола ма, Үмбетәлі?
Шапырашты ақыны Үмбетәлі:
Сүйегімнен Бармақтың сөзі өтіп,
Табаныма зырқырап барды жетіп.
Жамбылдан басқа ақынды көзіне ілмей.
Делебемді қоздырды екпіндетіп.
Өрен жүйрік өлеңге Үмбет едім,
Жүрген, тұрған жеріме міндет едім.
Түлкісі қызыл алтай сөздің қуып,
Апарып өзеніне індетемін.
Қандай ақын қайтарар қаруымды,
Желді күнгі дауылдай сарынымды.
Өртіне көңіліңнің су сепкендей,
Бір басамын, Нүрік-ау, жалыныңды.
Сұрастырып жүргенде осы кезден,
Естідің бе бір пенде мені жеңген.
Әрбір сөзді аңдысып айтысқанда,
Аспау керек шегінен жалғыз сөйлем!
Ақпай-тоқпай дедің де кеттің қойып,
Ортасынан түскендей мұздың ойып.
Әлде қалай болад деп ойламадың,
Сөзбен жұрттың мәселін қырып-жойып.
Ала сөйлеп әркімді омырауға,
Ұшырадың, Нүрік-ау, үлкен дауға,
Аттан байтал аптығып озған емес,
Сұрамаспын сондықтан сенен сауға.
Байтал мінсе кейбіреу қылмаңдатып,
Шекесінен басады жылмаңдатып,
Адымы алыс атпенен жарысқанда,
Басып озар байталды ынжаңдатып.
Нұрила:
Екі сөзге келмей-ақ еркектендің,
Сөз нақысын білмейтін тентек пе едің?
Айтысудың қағысып ісін білмей,
Келген сөзді аузыңа жентектедің.
Ақын десем, шіркін-ай, әңгі ме едің?
Әңгіменің бұзасың дәмді жерін,
Мен тартатын алдыңа сый табағын
Сен сықылды болушы еді мәңгілердің.
Айтар сөзден адасып албыттандың,
Мен талайын албыттың қаңғыртқанмын.
Жем жеген екі мезгіл сәуріктей боп,
Әулігіп айдалаға аңғырттандың.
Көк байтал көрдің бе аттан қалысқанын,
Ауыздықпен алдында алысқанын.
Үш бәйгеден күніне келген жүйрік,
Менің сондай сенімен жарысқаным.
Талай топқа бұл Нүрік баратұғын,
Әнім осы той болса салатұғын,
Сен сияқты өлеңге қыры барлар
Тал бойыма таңырқап қалатұғын.
Шыға салма жүйрікпін қыз күнімнен,
Тосқауылға тоқталып бір мүдірмен,
Атағы бар, даңқы бар талай жерде
Салғыластым сан қабат бұлбұлыңмен.
Боламын деп өлеңге көңілі теңдей,
Бір шалымға көбісі қалған келмей.
Үпілмәлік ішсең де, Үмбетәлі,
Мен жеңемін сөзіңді бұйым көрмей.
Үмбетәлі:
Шешен десем, Нүрік-ау, шатпақ па едің?
Сұлу десем, сұмпайы сатпақ па едің?
Аты шыққан әйгілі жорға десем,
Арқасына ер батқан ақсақ па едің?
Үлгі көрген халықтан, шаршы көрген
Ақын десем әншейін шап-шақ па едің?
Тұлпар жүйрік тұқымы көк байталдың,
Өз ойыңша озғанын мақсат көрдің.
Қанша айтқанмен байталдың бағасы кем,
Ұрғашы да болмайды еркекпен тең.
Қара тілді әйелдің талайымен
Қақтығысып әр жерде сөйлесіп ем.
Ырық бермей отырсың сен де маған,
Оңай намаз емеспін онша саған.
Ұзақ жолға шыдамай тайталасып,
Қарғып кетсем қаласың қанжығадан.
Намыстанба, Нұрила, жаным, оған,
Өзіңнен кем еркегің, тидің соған.
Тұяғындай тұлпардың серпінменен,
Қаптай берсін бетіңе ұшқан тозаң.
Өлеңімнің тасқыны астаң-кестең,
Жұдырығы ұрғандай апай төстен,
Үмбетәлі ақынның өшсін аты,
Сен сықылды жеңілсе жөн білместен.
Нұрила:
Сен болмасаң жарымес, мен емеспін,
Байқап сөйле, антұрған, жөн білмес кім?
Ұйқы-тұйқы сөзіңде қызығарлық,
Не ғыл дейсің инедей болса кескін.
Матауы жоқ, түйінді байлауы жоқ,
Сұйық сөзді сапырып желдей естің.
Алақандай аузыңа ем қонбаған,
Мінезіңе ежелгі өкінбеспін.
Өзі куә өзіңе өз өлеңің,
Қай сөзіңе тасырқап бөгелемін,
Шайқасуға менімен шамаң болса,
Әуселеңді, әрине, көрер едім.
Ылғауыма жарайтын ыңғайың жоқ,
Тізгініңді ірікпей қоя бергін.
Тезек терген бәйгінің атындай ғып,
Шаңымды да көрсетпей жөнелемін.
Көңілді сөз көкейге тез қонады,
Көп мылжыңның аяғы ез болады.
Екі тәуір бірігіп баспайды ауыр,
Бір жақсыға бір жаман кез болады.
Құдайдың, білесің бе, қолы тапшы,
Жалпы көпке жетеді қайдан жақсы?
Ақынның атағына кір жұққызып,
Ел қыдырған диуана сен бір бақсы.
Ақынмын деп ұялмай жүрсің өзің,
Бес тиынға тұрмайды айтқан сөзің.
Өз бойыңды өлшемей өңмең қағып,
Не қыласың тексеріп жұрт мінезін.
Үмбетәлі:
Көргенім жоқ, Нүрік-ау, сендей пірсіз
Өнерлінің өмірі жұртқа мінсіз.
Шаңқан боздай сөзіме шаң жұқпайды,
Ішегі домбырамның ешбір кірсіз.
Тал бойымнан мін тапсаң, бір табасың,
Өйте берме үнемі, ей, үмітсіз.
Қандай жерден қауіпті сын тақсаң да,
Отырамын осы жерде мен күдіксіз.
Азар болса шығарсың долы қатын,
Долы менен перінің жолы жақын.
Ізденген мақсатына жетпей қоймас,
Бір асқанға бір тосқан жолығатын.
Шыдамайтын перінің зардабына,
Долы қашып, тимейтін, қорынатын.
Қонған бақыт басымнан тек ұшпаса,
Сендей сайтан жолымда соғылатын.
Тілің шайпау, шатпарақ, сөзің қатал,
Мың қаралы еркекке біткен сақал.
Әйелдің анық пірі сондығынан,
Қарсы келсең, жарқыным, аруақ атар.
Тәуба келтір тіліңнің жазасына,
Тие бермей Үмбеттің мазасына.
Өнегеде үлкенді сыйламасаң,
Жолығасың шоқпардай назасына.
Шимай-шатақ сөзіңді шатпақтама,
Пәк денесін біреудің сатпақтама,
Сөз аяғы біткенше албыттанып,
Ақылы жоқ адамдай асқақтама.
Нұрила:
Ей, Үмбет, ақындықпен арындадың,
Жорғадай жолға түскен ағындадың.
Антұрған, әзіл сөзге ыза болып,
Тауаны тар адамдай тарынбағын.
Елімнің жолықпасам сілесіне,
Үмбеттің киесіне табынбадым.
Шалаға жанып тұрған жақындасып,
Темірдің қызуына қарылмағын.
Салтымнан самғағанда адаспаймын,
Саналы болса сөзің, таласпаймын.
Бойыңда шықпай жүрген ұшығың бар,
Өлеңмен оңды-теріс аластаймын.
Бетіңде сақал, мұрттан тұлдыр да жоқ,
Қырғандай ұстарамен бұлдыр да жоқ,
Секілді кәрі кемпір кейіптенген
Қазақтың сендей көсе ұрығында жоқ.
Ой, сана, сезіміңді мөлшерлесем,
Ақындық ақыл, дарқан қимыл да жоқ.
Қатыннан қасабалы неңіз артық,
Ер белгі, иегіңде бір қыл да жоқ.
Болғанда бетің тықыр, бойың мықыр,
Қытықтау мінезің бар, желкең шұқыр,
Кескінің келісімсіз, таңқы мұрын,
Торсықтай майлап қойған қара жылтыр.
Жабысып cap шаяндай елді мақтап,
Ән қосқан домбыраға тыңқыл-тынқыл.
Сыртыңмен жеңемін деп желпінесің,
Естіп ем өсегіңді сенің былтыр.
Өлеңге мығым болсаң сығымдаймын,
Ер болсаң тыпырламай менен құтыл.
Артықша менен сенің қай жерің бар?
Не жеңіп, не жеңіліп, сөзден ұтыл.
Өткендей өңменіңнен осы сөзім,
Ал, Үмбет, жетең болса, кәне, ұмтыл!
Үмбетәлі:
Ат жақты, сұңғақ бойлы, түсің бөрте,
Әркімге шолжаңдаған сөзің ерке.
Сыртыңнан сыр білмеген сұлу дейді,
Бойыңа шақ болмаған ойың келте.
Сенімен сөйлесуге арсынамын,
Бойыңды ойың менен шаршыладым.
Өз бойыңа өз ойың жетпеген соң,
Жамбасына сөз басып қамшыладым.
Сөзбенен қолтығыңды қытықтаймын,
Ширатып бостығыңды пысықтаймын.
Жібіңді ескеніме ширамасаң,
Өлеңнің өкпесімен ұшықтаймын.
Төңкеріліп отырмын судай жылжып,
Кездеспеген бетіме бір қиындық.
Иегімде бір қыл жоқ – бозбаламын,
Сәні бар ма сақалдың бес тиындық.
Мінезіңді, сырыңды білдім сенің,
Бір адамсың бұлт етпе, түлкі құйрық.
Долы құйын секілді ұйтқып, шалқып,
Жылт етесің сынаптай қолдан сырғып.
Мықыр кескін бойымнан садаға кет,
Сен сықылды емеспін бояма бет,
Сөзіңнен көң-қолаңса иісің шықты,
Байым қылып бір-екі сөйлесіп ек.
Мәнері жоқ сөзбенен маза бермей,
Сандаласың әйтеуір бірдеме деп.
Қабағыңа қара қас сызылады,
Сөйткеніңмен кім саған қызығады.
Алты тиын алмаймын бағасына,
Атым үркіп, арбаңнан бұзылады.
Шаптың қарсы, не десем, бетке дүрсе,
Ысқырғандай орданың оқ жыланы.
Аулақ кетсін шенімнен, алас-алас,
Десем қата болмайды Нұриланы.
Нұрила:
Айқастың, Үмбетәлі, арыстандай,
Қойғыласып қолма-қол салысқандай.
Қиынға қылыш шаптың, қисын таптың,
Өрге бір өршеленіп жарысқандай.
Сасқаныңнан садаға сөзге түсіп,
Жеңілгенің, қой болмас, қарыштанбай.
Үмбеттің айтқан сөзін жақтаушылар
Отыр ма екен осы жерде намыстанбай.
Шынын айтқан адамға ел сенеді,
Арам сөзден ақ денем жиіркенеді.
Ақылсыз ұлғайғанын есіне алмай,
Сақалсыз бозбала боп белсенеді.
Көп ішінен көсеге орын бар ма,
Шайқай берсем әңгіме теңселеді.
Орынсыз оғат келген омырау сөзді,
Дәл ұстаған табанда еңсереді.
Айта берсем әр неңді ауырлайсың,
Шала піскен бейшара, қауындайсың.
Қанша айқайлап ышқынып әуліккенмен,
Мерзім жерден ойдағы табылмайсың.
Ала жіпке ат қойып ала бөтен,
Айдаһарсың, ақынды жылан десең.
Үш тамызып басына ақ құйдым ғой,
Ирелеңдеп ініңе жарар кетсең,
Келер сөзді өзіңе неге айтасың.
Намыстанба тағы да әңгі десем.
Әңгілігің емес пе, алдырмадым,
Шаңымды да шапқанда шалдырмадым,
Жетең болса жетерлік енді қашан,
Айтқаныңды азасыз қалдырмадым.
Екі туып енеңнен сен келсең де,
Осы болды есіңнен тандырғаным.
Жаман сөзбен жағымсыз, Үмбетәлі,
Құлағымды сасытып даң қылмағын.
Жеңілерін Үмбеттің Жәкең біліп,
Байқауымша маған бір қалды ұмтылып,
Талайдың-ақ шапанын шешіндірген,
Айтыспаққа ынтасы жұлқындырып.
Ал, Жәке, Үмбетәлі тері тұлып,
Қаупитқан ішіне бір сабан тығып.
Түбінде бір керегі болар, – десең,
Апарып босағаңа қойғын іліп.
Қару өлең бұл сөзге қайдан тапсын,
Жүйрігінің Нұрила басын тартсын.
Кім жеңді осы арада кім жеңілді?
Қазылық енді осыған Жәкең айтсын!
Жамбыл:
Жамбыл сөзін бастаса, бастан айтар,
Түйіп түгел соңына тастап айтар.
Бақ берген маңдайына бас бармақтай,
Жүлде алады әр жерде жүйрік байтал.
Бағы жанса байталдың бағасы зор,
Адасқанын Үмбеттің байқады ол.
Бұл жердегі айтыстың кезегінен
Нұрилаға беретін теңеуім сол.
Жүйрік озды жүйріктен құлаштаған,
Көрген жұрт көз мөрімен растаған.
Кәрі демей, жас демей айтысатын,
Сүйінбайдан соңғыға мирас қалған.
Әйелдің асқан биік құзарынан,
Өлеңнің тау мен тасын құлат маған.
Кәрі тарлан Жамбылдан дәмең болса,
Ауығыңды басайын шыдатпаған.
Ерден басып екпінді жолың озды,
Өлеңшінің көбісі шілдей тозды.
Шапырашты мен Жамбыл Қарасайлап,
Ұмтылғанда үстіңе перім қозды.
Құнжыңдап домбыраға менің арқам,
Ауызымнан ақтарылды өлең дарқан,
Еліңде ерлік бар ма, байлық бар ма,
Мәнісін байқасалық, айтшы, қалқам.
Айтылса әрбір өлең әніменен,
Дауыс та құбылады сәніменен,
Аршын сөздің асылын ақтар бері,
Сөліменен, маңызды дәміменен.
Тамаша үшін осындай бас қосқанда,
Сөкет болмас айтысқан кәріменен.
Бала күнгі әндерім – ескі жолдас,
Ада-күде кеткен жоқ әлі менен.
Нұрила:
Сөз құраған ауызға әрбір әріп,
Зерек адам сөзімнен пайдаланып,
Әркім сөздің ішінен қисын терсе,
Ақын атқа қонады өлең дарып.
Домбыраға ән қосқан сәнді әуенін,
Тыңдаған жұрт қалады тояттанып.
Сіз дарқан, сізден үлкен ақын бар ма,
Жасым кіші, әйелмін жолым нәзік.
Дауысыңды неше қилы әсемдейсіз,
Желдетіп дауылыңнан бәсеңдейсіз.
Сіздің бетке мен қарсы тұра алмаймын,
Әлдилеп алдына алған әкемдейсіз.
Киліккенің бола ма енді бұған,
Айтыс болып әлінше өтті думан.
Теңдесе алман сізге мен, жасым кіші,
Қинамаңыз, тағы да ізет қылам.
Мен түгіл, ат үркеді атағыңнан,
Басып озған жүйріксің қатарыңнан.
Жасыңа құлдық қылдым, мені босат,
Айналайын, ататай, сақалыңнан.
Келін болып еліме былтыр түстім,
Сізге жайын айтпақпын бұл жұмыстың:
Нәресте бар үйімде және әлсізбін,
Босанғалы болып ед маған үш күн.
Баланың қарамастан туғанына,
Орап тастап кетіп ем құндағына.
Ат жіберіп, әдейі шақырған соң,
Өлең айтып бергелі мұндағыға.
Аяғыма сол менің бала шідер,
Қайтуыма сондықтан ұлықсат бер,
Бөгелуге емшегім сыздап отыр,
Бөбегіме, ататай, мені жібер!
Жамбыл:
Жамбылдың жасы жетті жетпістерге,
Мұндай бала көргем жоқ өткір тілге,
Дауысың көкке жетіп, аспан жарған,
Естідік әуезіңді бір түн біз де.
Олай болса, тоқтату мүмкін емес,
Бар, шырағым, ұлықсат бердім сізге.
Қара табан болғанда қарашығың
Шақырамын, кел сонда біздікіне.
Сөзіңнен сорғалаған тамады алтын,
Аңқылдаған адамға көңілің жарқын,
Бала жастан өлеңге Жамбыл құмар,
Басылатын жайым бар әнмен мауқым.
Тербеткен жүрегімді жас баладай,
Құлағымда тұрады осы даусың.
Барғын, балам, аман бол жолыққанша,
Бәрекелде, үстіңе көп нұр жаусын!





Пікір жазу