20.08.2022
  108


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

ҰЛБИКЕ МЕН ЖІГІТ

Жанкел байдың бір үйір жылқысының ішінен Ұлбикенің бәсіре тайы жоғалып кетеді. Қыз өзіне енші дөненін іздеп, Түркістанның мал базарына келіп, қалың елді аралап жүріп, әр жерде өлеңмен жар салады:
Жаршы қыз алты ауылды аралады,
Үйір-үйір жылқыны саралады.
Енді, міне, кеп тұрмын хан базарға,
Өлең айтсам қашқан мал оралады.
Тарпаң жорға мойнында қос қоңырау,
Төбел қасқа, ақ бақай, сәл қоңырлау.
Ұстап мінген балаға өзі жуас,
Сол жорғамды осында көрген бар ма-ау?
Дөненімнің санында қарасы бар,
Жастай басқан тұмарша таңбасы бар.
Көрген-білген адамға көке, анамның,
Сүйіншіге беретін танасы бар.
Қыз біледі шешеден естігенін,
Шеше білер қызына ес кіргенін.
Құлақ естіп, көз көріп білмегенді
Таң қаламын, әйтеуір, іш білгенін.
Қол жетпеген биікке көңіл жетер,
Ақылдыдан сөз алған қалмас бекер.
Ұры-қары дегенді жасырғанның
Күні де көр, шынында түні де көр.
Жоғалған малын осылай өлеңмен іздеп жүрген қызға бейтаныс бір жігіт өлеңмен қосыла кетеді.
Жігіт:
Сират көпір жігітке қара қылдай,
Ұзындығы жүргенге бір мың жылдай.
Бұл жалғаннан ұрлықсыз өткен адам
Нұр пейіштен өзіне алады жай.
Ұлбике:
Қысқа дей ме бұл жалған, ұзын дей ме,
Ажал деген әйтеуір кез келмей ме?
Апаратын пейішке әлгі көпір
Жүз мың адам жүрсе де үзілмей ме?!
Жігіт:
Бұл жүргеннің бәрі де жерде қалар,
Үш бүктеліп денесі көрде қалар.
Өлгендердің жеп-жеңіл шыбын жаны
Қыл үстімен пейішке бірге барар.
Ұлбике:
Жұлдызға да бозбала созар қолын,
Әркім өссе біледі оң мен солын.
Ұры-қары дегеннің ізі жерде,
Құмырсқа да біледі жүрер жолын.
Жігіт:
Құдай берсе ұрыға аяп берер,
Жерге түсіп жанына таяп берер.
Ауылдастың жылқысын ұрлағанның
Ол жалғанда сазайын таяқ берер.
Ұлбике:
Ұрыға ерген ұрыдан жетер дейді,
Ауылдастың мал-мүлкін бекер жейді.
Ондай жанның таңы атса, күні батпас,
Зәуім күні тозаққа кетер дейді.
Жігіт:
Қауын исін білмеген түйнекті үзер,
Шекпен жайын білмеген өрмекті үзер.
Сұлу қыздың бәсіре тайын алған,
Сол ұры да ертең-ак елден безер.
Ұлбике:
Жақсы адамның айтқаны елге кетер,
Ұры-қары айтқаны желге кетер.
Көңілі сара, ашық біз де жанбыз,
Қыз ақылы қысқа деу тіптен бекер.
Ауыл артын жайлаған баспақ-тана,
Ұстағаның қаршыға баптап қана.
Қасымдағы қыздарды қара дейсің,
Қара қашар сүті де аппақ қана.
Өзен бойын өрлеген биік шынар,
Дауыл соқса шатынап ол да сынар.
Өлең білмес болдырған ат секілді
Ер-тоқымын тыпырлап ауырсынар.
Жас балаға үйретсең тіл шығады,
Сырнай қылсаң қамыстан үн шығады.
Түн болғанға өкінбе, ей, құрдасым,
Ертең тағы іргеден Күн шығады.
Тамам адам бір отқа жылынады,
Отты басқан бәлеге ұрынады.
Білгіш болсаң айта ғой, ей, қалпақтым,
Қыс түскенде су неге суынады?
Бұл өлеңнің адам жоқ кілтін ашқан,
Кең сарайдан өлеңін түртіп ашқан.
Айтысуға менімен келген байғұс
Қатты сасып, қалпағын тастай қашқан.





Пікір жазу