20.08.2022
  107


Автор: Ұлбике Жанкелдіқызы

ҰЛБИКЕ МЕН ІЗТІЛЕУ айтысы

Ізтілеу:
Өлеңді қоя бердім ал дегенге,
Несіне тоқталайын жар дегенге.
Арнайы той дегенге келдім іздеп,
Осында бір-екі ақын бар дегенге.
Ұлбике:
Өлеңді қоя бердім ал дегенге,
Несіне бөгелейін жар дегенге.
Қосылып өзім теңді айтысушы ем,
Көңілім толмай отыр шал дегенге.
Ізтілеу:
Сөзіңе шал деп айтқан нанғаным жоқ,
Әйелге сенен кейін барғаным жоқ.
Шашым ақ, сақалым ақ болғанменен,
Аққуды қаздан кейін шалғаным жоқ.
Ұлбике:
Ізеке, алпыс бестен асамысың,
Тоқталмай осы жасқа тасамысың.
Келгенде алпыс беске көзің жұмып,
Жастарды жолыңдағы басамысың.
Ізтілеу:
Ізекең талай тайлақ мінген шығар,
Аққуды талай көлден ілген шығар.
Аққуды талай көлден ілгендігін,
Біразы бозбаланың көрген шығар.
Ұлбике:
Ақылың тұрсам ойлап өшкен екен,
Басыңнан талай дәурен көшкен екен.
Келгенде алпыс беске бозбала ертіп,
Сарапқа сенің басың түскен екен.
Ізтілеу:
Ұлбике, халің білмей айқайлайсың,
Ағаңды жеңемін деп шайқаймысың.
Келгенде алпыс беске қайратымды
Үйіңе бір қондырып байқаймысың.
Ұлбике:
Қараңыз Ізекеңнің аруларын,
Жастықта есіне алған қаруларын.
Қарт Қожақ Ақжүніске не деп айтқан
Қандағы алпыс екі тамырларын.
Ізтілеу:
Нансаңыз толып жатыр қаруларым,
Тасиды таудай бұлақ тамырларым.
Нанбасаң жүр шыланға кіріп қара,
Қайнайды шал дегенге зығырданым.
Ұлбике:
Біреудің әуре қылма келіншегін,
Ойында еш нәрсе жоқ еріншегін.
Алаштай, Тасболатпен көзіңді ашпа,
Әйекем бізге қойған келімсегін.
Ізтілеу:
Халіңді білмей қайдан болдың шешен,
Қол бала қылып алған сені Есен.
Сен мені келмей жатып білдің қайдан,
Сен бе едің мені тапқан Ұлы шешем?
Ұлбике:
Бойынан Айдарлының ордым құрақ,
Қадыр-хал жас та болсам түстім шырақ.
Құлы деп Күлқараның қойын баққан,
Естиді әркімдерден біздің құлақ.
Ізтілеу:
Балтаның сабын ашсам таты қалған,
Олжаны байламай ма атып алған?
Мақтанба нағызбын деп сен де маған,
Тарыға екі пұттай сатып алған.
Ұлбике:
Ізеке, көрініп тұр сөз құйрығы,
Құлдарды алып қашқан ат жүйрігі.
Тарыға екі пұттай келе қойсақ,
Мал алып, ерге тимек Хақ бұйрығы!





Пікір жазу