ӨЛІМ
Жан менен тән өзгергенмен әр күйге,
Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине.
Тірі болу тірлік кешу емес ол,
«Өлгендер көп» өмір сүрген пәниде.
Келуің мен кетуіңнің тынысы
Ішіңде екен, сезсең соны, дұрысы.
Өмір деген – өз ақылың, өз ойың,
Өлім – соның азабы мен жемісі.
Өз кеудемде тозақ пенен жұмағым,
Өз шұғылам...
Қияметте шығар КҮН.
Өлім менің өзі ішімде шайқалып
Туғызады...
Түпкі сана тұрағын.
Қабірменен қорқытады көр молла,
Көрдің қашан көз бітеді орнына.
Бақи мекен
Жан жаралған ЖЕРҰЙЫҚ,
Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма.
Ғақыл түсіп ғарыштағы бір Хаһтан
Өз бетіңмен өмір сүр деп тіл қатқан...
Сол жұмбақтың кілтін салды кеудеге,
Құдай бізді қуған күні жұмақтан.
Кеудеңдегі хикметпен ойлан шын
Кісіліктің кілтін тығып
қойған кім?
Адамдағы ақиқаттың жауабын...
Көрден іздеп
көрге айналған қайран «дін».
Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін,
Жанның нұры
Жарқырасын, сөнбесін...
Ажал мені алдап соқпақ,
Тәйір-ай...
Тапқан екен «өлтіретін» пендесін.
Қарт Қорқыттың қазыналы қойыны
Бір үрейден айырады бойыңды.
ӨНЕР, БӘЛКІМ,
АЛДАП КЕТУ АЖАЛДЫ
ӨМІР, БӘЛКІМ,
ӨЛМЕЙ ҚАЛУ ОЙЫНЫ.