20.08.2022
116
Бейіттен бір самал желп етті...
Бейіттен бір самал желп етті,
Бұл менің анамның исі ғой,
Зарықтым жүгіріп,
Жете алмай құладым сүрініп.
Жаңағы иіс...
Жанымда елжіреп тұр екен,
Жалғыз-ақ жалбыздың
гүліне ілініп.
Бейіттің бетіне гүл өскен...
Мейірімге шөлдеген дүние
алғандай мұны құп.
Анамнан тараған шуаққа
Жайқала жапырақ өсіп тұр
Тамырын жылытып.
Бұл мезгіл таң еді,
Аспан тұр тама алмай түнеріп,
Қамырық күйге еніп.
Менің де кеудемде
шық тұрды іркіліп,
Кірпіктің ұшында сүйеніп.