20.08.2022
  78


Автор: Досан ЖАНБОТА

ҚАЙРАН МЕНІҢ АҚ КӨҢІЛ АҚЫН АҒАМ-АЙ

(Нұрсұлтан Əлімқұлов ақынға)....
Түзу көше. Көкбазар. Тура тартып келеміз,
Майысқандай қара жол, зілдей ауыр денеміз.
Күздің күні.
Мұқағали киіп алған сұр шекпен,
«Алатаудай» асхана тірелетін – Кемеміз.
Ортамызда Нұрсұлтан Əлімқұлов ағамыз,
Езуінде «Прима» «Ерте шықтық, жаңа біз», –
деп өкініп келеді, тиісуге іле таппай менімен,
Оң жағында – Мұқағали
қара жерді қиып басып белінен –
ұлы тұлға. Түйткіл пəле менде тұр.
Жаңа үйден шығарда үш сом алғам келіннен
(Бұл келіні менің өмірсерігім, біздің тектің телімі)
Соның ғана қолында келер күннің ауыры мен жеңілі.
Ойлайтығын үй жайды, қашандағы əйел ғой,
«Қайтарыңда нан ал!» – деп жыбыр еткен еріні
Соны естіген Нұр-ағам: «Бір сом берсе, жетеді
Жиырма тиын менде бар, оның несі кетеді,
Алдымызда Шəмші менен Əсет тұр,
Ер азығы жолда ғой, қайтар тегі өтемі» –
деп, майдалап кеңес айтып сыр шертеді Нұр ағам,
Хрущевтың құйтырқысын елден бұрын сынаған.
Қазақтағы ең алғашқы ақын осы, «достары» –
«Қателесті саяси» – деп талай мойнын бұраған
Қайран менің
Досын көрсе бар қайғысын ұмытатын Нұр ағам.
Дос саулығы, дос табысы сұрағаны, тілегені Құдайдан.
Қабылданбай «Қайықта» əні кеше үлкен кеңесте
Шəмші екеуі аз-ақ қалған Алатаудан «құлаудан»
Сол өмірді кейбір дос мазақ етіп күледі.
Жиырма тиын бір саптыаяқ сыраңыз, үш сом кесек пұл еді.
Алты тиын бір кило помидор мен қиярың,
Он бес тиын ақ бөлке – кім қадірін біледі?
Əлімқұлов Нұрсұлтан, өлең, жырдың жорғасы,
Ақындық пен адалдық болды мəңгі жолдасы.
Тектіліктің тепсе темір үзетін тегеурінді үмбеті
Сүйінбай мен Жамбылдың мен білетін жалғасы.
Жасалса егер өнердің өрнектелген картасы,
Əділдігін айтар əлі-ақ қазылықтың алқасы.
Ғасырларға сақталар қазақта егер əн болса –
Нұрсұлтан жазған əр өлең соның заңғар жартасы.
Уақыт қызық, көңіл гүл, бір сынбады, мың сынды,
Тағдыр қатал, қайыспады, бірақ талай күрсінді.
Тең-тұстары «Волга» мінген шақтарда жүрді жаяу,
Нұр ағаң,
Мен айтпасам кім айтады бұл сырды.
Өмір деген шимай-шатпақ, шындығымен қымбат қой,
Дүние байлық жинамадық, айдамадық мыңдап қой.
Бір күніміз қилы-қилы бір ғасырмен пара-пар –
Біреулерге керек болар, ей, ағайын, тыңдап қой.
Шыдамадым «Нұр аға, қиынын-ай есептің,
Жоқ табылар, ресторанда əйелі бар ғой Əсеттің» –
деп, қалып ем, жалт қарады Нұр-ағам.
Айнымайды, ақ інгенге ұмтылатын бурадан.
– Бұны неге айтпадың, тырысқанша манадан.
– Айтылды ғой, – деп қалды, Мұқағали жан ағам.
Айхай, дүние-ай,
бүгін аңыз, қызық еді-ау өткен күн,
Қиын екен жоқтық шіркін, көңіліңнен кетпейтін,
Қара нанды бөліскен көбі кетті достардың –
Ақиқаты, шөлдегенде кей кезде көк тиынды жетпейтін
Сол күндерді айтатын кейбіреулер судан таза, сүттен ақ,
«Таланттарды шақырып құрметтепті қолқалап,
Сыйлап, сипап ақыл-кеңес айтыпты»
(бұл өтірік, қашушы еді көргенде)
Неге керек болды екен көпірген мақтау, жалған даңқ.
О, туған жер, дөңгелексің, тұрсың міне, дөңгелеп,
Көз алдымда тіршілік құлпырады, кешегіден бір бөлек.
Байқап тұрсам мəңгіліктің суын ішкен пенделер,
Алтын күлше жесе де артында боқ қалады, не керек.
Бірге келем көшеде,
Сенесің бе,
Екі жақсы Тұлғаңмен,
Екеуі де менен мықты бір дəуірде (бір ауылда) туғанмен!
Тіршілікте осылардың қадіріне жетпедік,
Кең дүниеде бір тарының қауызына сыйғанмен,
Қайран менің аңқылдақ адал,ақын ағам-ай,
Өкіметі Кеңестің бір жетпеді бағаң-ай,
Замандасың том-том кітап жатқан кезде шығарып,
(Дəптердегі өлеңі, жоспардан орын таба алмай).
Жүруші еді, қайран менің ақ көңіл ақын ағам-ай...





Пікір жазу