ҚАЛМАҚТЫҢ ҚАРҒЫСЫ
Қалмақтың Серінжеп деген төресі патшаға қылмысты болып ұсталып, ішкі ордасына айдалайын деп деп жатқанда,
Бөке ханға құтқар деп жалынады. Сондағы қалмақтың сөзі:
Бөкей сұлтан ханымыз,
Қиналып жатыр жанымыз.
Сайрап жатыр тіліміз,
Байлаулы жатыр қолымыз.
Осы айдаудан құтқарсаң,
Мұсылман, кәпір бәріне
Тегіс те патша болыңыз.
Байдан ассын байлығың,
Тастан өтсін жарлығың.
Жан ұядан шыққанша,
Заманның көрме тарлығын.
Осы айдаудан құтқарсаң,
Арғы атаң Нұралы
Онан да ассын хандығың!
Сонда Бөкей сөйлейді:
– Айтқаның қалмақ, тәуір-ді,
Көрмеймісің сыртында
Екі солдат кәуірді.
Зарласаң да кетесің,
Екі етуге амал жоқ,
Патшадан келген әмірді.
Түрегелді қалмақ сабылып,
Есінен кетті жаңылып.
Шыға беріп қарғады,
Есігін орда жамылып:
– Біздің де мінген ағаш ат,
Мұны да Бөкей мінерсің.
Біздің де киген тар киім,
Мұны да Бөкей киерсің.
Сен де мендей тұтылып,
Қолға түсіп күйерсің.
Бұл айдауға мен кетсем,
Екінші айдау келгенде,
Тәуке, Жәңгір екі ұлың,
Біреуін ұстап берерсің.
Еділден бергі Шаған су
Оны да қалмақ жайласын,
Жылқыңды шұбап айдасын.
Ұлың менен қызыңның
Біреу көрсін пайдасын.
Көлінде қулар шуласын,
Көзіңнің жасын буласын.
Бұл айдауда мен кетсем,
Екінші айдау келгенде,
Өзің қолға тұтылып
Қатын да балаң шуласын!